
ЕҰУ-дың Күміс университеті тыңдаушылары үшін жария және жеке құқықтың өзекті мәселелері бойынша курс өткізілді











Үздіксіз білім беру институты заң факультетімен бірлесіп, Күміс университет тыңдаушыларына арналған «Жария және жеке құқықтың өзекті мәселелері» атты курс өткізді.
Курс лекторы Индира Сақтағанова жария және жеке құқықтың дамуындағы заманауи мәселелерді, олардың арақатынасын, сондай-ақ құқық қолдану тәжірибесіндегі өзекті проблемаларды жан-жақты қарастырды. Сабақтар барысында тыңдаушылар заңнама мен сот практикасының негізгі даму үрдістерімен танысып, құқықтық коллизияларды талдауды және оларды шешу жолдарын анықтауды үйренді. Сонымен қатар, цифрландыру жағдайында жеке тұлға мен қоғам мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етудегі жария және жеке құқықтың өзара әрекеттесуіне ерекше назар аударылды.
Тыңдаушылар курс бойынша өз пікірлерімен бөлісті.
Шайда Қабыкенова курс барысында алған білімінің маңыздылығын атап өтіп, жеке құқық теңдікке, ерік автономиясына және шарт еркіндігіне негізделсе, жария құқықта мемлекет билік иесі ретінде әрекет ететінін, алайда бұл екі сала бір-бірін толықтырып, құқықтық тәртіп пен еркіндік арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететінін жеткізді.
Күләймаш Мұстафина курс үшін алғысын білдіріп, сабақтардың өмірлік жағдайларды талдау арқылы қызықты әрі мазмұнды өткенін атап өтті.
Маргарита Қазкенова оқытушының күрделі материалды түсінікті жеткізе алғанын жоғары бағалады.
Мейрамгүл Сағындықова курстың пайдалы әрі мазмұнды болғанын, оқытушының кәсіби шеберлігін ерекше атап өтті:
«Бұл курс өте қызықты әрі пайдалы болды. Индира ханым — өз ісінің нағыз маманы. Бізге өмірде кездесетін жағдайларды талдап, ашық түсіндірді».
Бағжамал Калиева курс жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және материалдың қолжетімді тілде, нақты мысалдармен түсіндірілгенін атап өтті. Сондай-ақ, оқытушының қазақ және орыс тілдерін еркін меңгеруі тыңдаушылар үшін маңызды болғанын айтты.
Гүлмира Жолбасқанова цифрландыру жағдайында құқықтық реттеу әдістерінің өзгеруі мен императивтік және диспозитивтік әдістердің өзара байланысын түсіну ерекше құнды болғанын жеткізді.
Сәулегүл Бейсенқұлова күрделі заң терминдерінің қарапайым тілмен түсіндірілгенін атап өтіп, мұндай курстардың аға буын үшін өзекті екенін айтты.
Күлтай Спанова сабақтардың пікірталас форматында өткенін, алынған білімнің күнделікті өмірде де пайдалы болғанын және құқықтық білімін одан әрі жетілдіруге қызығушылығы артқанын жеткізді.
Барлық жастағы адамдар үшін қолжетімді әрі сапалы үздіксіз білім беру жағдайларын жасау — Үздіксіз білім беру институты қызметінің басым бағыттарының бірі. Бұл бағыт «Диалог поколений» жобасы аясында табысты жүзеге асырылып, университеттік ортада ұрпақтар арасындағы серіктестіктің тұрақты үлгісін қалыптастырып отыр.
