
Заң факультетінде экстремизм мен терроризмнің алдын алу тақырыбында кураторлық сағат өтті





2026 жылғы 08 сәуірде Заң факультетінде СПД-17 тобының студенттері үшін заң ғылымдарының кандидаты, қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Енсебаева Анель Рахметжановна «Жастарды діни экстремизм мен терроризм қауіптерінен қорғау» тақырыбында кураторлық сағат өткізді.
Іс-шара барысында қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіретін діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері қарастырылды. Студенттерге экстремизмнің радикалды идеология ретіндегі мәні, сондай-ақ терроризмнің қоғамды тұрақсыздандыру және халықты қорқыту мақсатында қолданылатын зорлық-зомбылық әрекеттері ретінде түсіндірілді .
Сонымен қатар жастардың деструктивті ағымдарға тартылу себептері, атап айтқанда әлеуметтік желілердің ықпалы, сенімді ақпараттың жетіспеушілігі, психологиялық және әлеуметтік факторлар талқыланды. Радикалданудың алдын алуда сыни ойлау қабілетін және ақпараттық сауаттылықты қалыптастырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Кураторлық сағат барысында студенттерге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 10-тарауы «Қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» шеңберінде экстремистік және террористік сипаттағы құқық бұзушылықтар үшін көзделген қылмыстық жауаптылық жан-жақты түсіндірілді.
Атап айтқанда, келесі нормалар қарастырылды:
ҚР ҚК 174-бабы — әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру;
ҚР ҚК 256-бабы — терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру;
ҚР ҚК 257-бабы — террористік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу;
сондай-ақ тыйым салынған ұйымдарға қатысу және террористік қызметке жәрдемдесу үшін жауаптылықты көздейтін өзге де нормалар.
Студенттерге интернет желісінде экстремистік мазмұндағы материалдарды тарату да қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін екендігі түсіндірілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екендігі атап өтілді. Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, ақпаратқа саналы көзқарас және белсенді азаматтық ұстаным — қазіргі қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің маңызды кепілі болып табылады.
