
Заң факультетінде «Алаш» мұрасындағы ұлттық код және мемлекетшілдік идеяларына арналған қонақ дәрісі өтті











2026 жылғы 08 сәуірде Заң факультетінде СПД-17 тобының студенттерімен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алқа» радиосының негізін қалаушы, «Алаш» әдебиетіндегі ұлттық идеяны зерттеуші, PhD-кандидат Серік Сейітманның қатысуымен қонақ дәрісі өтті.
Іс-шара заң ғылымдарының кандидаты, қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Енсебаева Анель Рахметжановнаның қатысуымен ұйымдастырылды.
Кездесу барысында студенттерге «Алаш» қайраткерлерінің мұрасында көрініс тапқан негізгі бағыттар, соның ішінде ұлттық өзіндік сананы қалыптастыру және мемлекетшілдік негіздерін нығайту мәселелері түсіндірілді.
Ерекше назар ұлттық код ұғымына аударылды. Ол халықтың болмысын айқындайтын негізгі құндылықтарды қамтиды: атамекен, ана тілі, ұлттық дәстүрлер, тарихи жады (баба тарих), төл мәдениет және дәстүрлі дін .
Кездесу аясында қазақтың көрнекті ойшылдары - Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қараш, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың идеялары қарастырылып, олардың еңбектерінде патриотизм, ағартушылық, адамгершілік және қоғамдық бірлік қағидаттары көрініс табатыны атап өтілді. Сонымен қатар, олардың көзқарастарында дін ақыл мен біліммен өзара байланыста қарастырылып, рухани құндылықтар, ақыл және ғылым жеке тұлға мен қоғам дамуының негізі ретінде айқындалатыны көрсетілді .
Талқылауға теолог, әлеуметтік жобалар бөлімінің бас маманы Өнер Ермекұлы қатысып, дін мәселелері, әртүрлі дін өкілдеріне толерантты көзқарас қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстандағы конфессияаралық келісімді нығайту мәселелері қарастырылды. Қазақстан қоғамының тарихи тұрғыдан бейбітшілік, өзара құрмет және келісім қағидаттарына негізделгені атап өтілді. Діни құндылықтарды бұрмалау мен оларды деструктивті мақсаттарда пайдалануға жол берілмейтіні ерекше айтылды.
Сондай-ақ студенттерге экстремизм және терроризм сипатындағы құқық бұзушылықтар үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 10-тарауына сәйкес қылмыстық жауаптылық түсіндірілді.
Дін мәселелеріне қатысты сұрақтар туындаған жағдайда, ресми діни бірлестіктер өкілдеріне (имамдар, діни қызметкерлер және т.б.) жүгіну, сондай-ақ тек ресми әрі сенімді ақпарат көздерін, оның ішінде арнайы кеңес беру және колл-орталықтарды пайдалану қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының зайырлы мемлекет қағидаттарына негізделген конституциялық нормалары қарастырылды. Атап айтқанда:
- конституциялық құрылысқа қарсы бағытталған әрекеттерге тыйым салу;
- дін мен мемлекеттің бөліну қағидаты;
- әлеуметтік, ұлттық және діни араздықты қоздыруға жол бермеу;
- әрбір азаматтың Қазақстан Республикасын қорғау міндеті .
Кездесу қорытындысында «Алаш» идеяларының бүгінгі күні де өзектілігін сақтап отырғаны, олардың жастардың құқықтық мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін және құндылықтық бағдарларын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
