
ЕҰУ-дағы «Лу Бань шеберханасында» өнеркәсіптік робототехника және AI саласы бойынша мамандар даярланды

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Үздіксіз білім беру институты Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институтымен бірлесіп «Лу Бань шеберханасы: интеллектуалды өнеркәсіптік робот-манипуляторлар, жасанды интеллект технологиялары және дрондар» атты 72 сағаттық біліктілікті арттыру курсын сәтті жүзеге асырды.
Курс тыңдаушыларда өнеркәсіптік робототехника, машиналық көру, автономды ұшқышсыз жүйелер, сондай-ақ заманауи LLM-платформалар мен интеграция құралдарын пайдалана отырып AI-қосымшаларды әзірлеу саласында кешенді құзыреттерді қалыптастыруға бағытталды. Бағдарлама цифрлық технологиялардың өзекті бағыттарын қамтып, алынған білімді кәсіби қызметте тәжірибелік тұрғыда қолдануға бағдарланды.
Оқу барысында қатысушылар өнеркәсіптік роботтарды орнату, қосу және бастапқы баптау дағдыларын меңгерді, робототехникалық жүйелердің негізгі операциялары мен бағдарламалау әдістерін игерді, робот қозғалысын басқарудың базалық алгоритмдерін әзірледі, Vision Master машиналық көру жүйесімен жұмыс істеу және объектілерді тану әдістерін үйренді, үлкен тілдік модельдер (LLM) және жергілікті AI-инфрақұрылымды құру принциптерімен танысты, Dify ортасында LLM-платформаларды орналастыру және AI-қосымшаларды әзірлеу дағдыларын меңгерді, Model Context Protocol (MCP) протоколын автоматтандыру құралдарымен бірге қолдану тәсілдерін игерді, коллаборативті роботтармен (коботтармен) және ұшқышсыз жүйелермен жұмыс істеу бойынша тәжірибе жинақтады, соның ішінде дрондарды симуляциялық ортада басқаруды үйренді, робототехникалық шешімдерді өндірістік үдерістерге енгізудің нақты кейстерін қарастырды.
Сабақтарды Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институтының білікті оқытушылары жүргізіп, жоғары деңгейдегі практикалық дайындықты қамтамасыз етті.
Курс қорытындысы бойынша тыңдаушылар заманауи жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етумен жұмыс істеудің сұранысқа ие практикалық дағдыларын игеріп, цифрлық технологиялар саласындағы кәсіби құзыреттерін едәуір кеңейтті.
