
Ғылым онкүндігі аясында «Құрылыс» кафедрасында жас ғалымдарға арналған ғылыми семинар өтті.





2026 жылғы 8 сәуірде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де Ғылым онкүндігі аясында «Құрылыс» кафедрасында жас ғалымдарға арналған ғылыми семинар өтті. Семинар барысында оқытушы-зерттеуші, PhD, профессор Утепов Елбек Бахитович «IMRAD құрылымы бойынша академиялық жазылым» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндама барысында академиялық жазылымның негізгі қағидаттары, оның ішінде ғылыми мәтіннің формалдылығы, дәйектілігі, құрылымдылығы және логикалық бірізділігіне қойылатын талаптар қарастырылды. Ғылыми мақалаларды дайындаудың негізгі тәсілдерінің бірі ретінде кіріспе, материалдар мен әдістер, нәтижелер және талқылау бөлімдерін қамтитын IMRAD құрылымына ерекше назар аударылды.
Баяндама аясында қатысушыларға ғылыми идеяны тұжырымдау, зерттеудің мақсаты мен міндеттерін қою, аннотация, кіріспе, әдебиетке шолу, материалдар мен әдістер бөлімдерін дайындау, сондай-ақ нәтижелер мен талқылауды ұсыну жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар, дереккөздер тізімін дұрыс рәсімдеу, DOI нөмірі бар ағылшын тіліндегі жарияланымдарды пайдалану және библиографиялық менеджерлерді қолдану мәселелері қозғалды. Семинар практикалық бағытта өтіп, жас зерттеушілердің сапалы ғылыми жарияланымдар дайындау дағдыларын дамытуға арналды.
