
«Study in Kazakhstan» көрмесінде Астанада ЕҰУ стендіне 6000-нан астам талапкер келді















Астанадағы Оқушылар сарайында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған «Study in Kazakhstan» көрмесі өтті. Көрмеге 40-тан астам отандық жоғары оқу орны мен шетелдік университеттердің филиалдары және 6000-ға жуық талапкерлер қатысты.
Шараның басты мақсаты – талапкерлерге сапалы білім, заманауи білім беру бағдарламалары және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті маман болуға мүмкіндік беру, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жоғары сынып оқушыларын бір алаңға жинап, олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағыт беру.
Жиын барысында қатысушылар университет өкілдерімен тікелей танысып, сынақ тестілері арқылы өз қабілеттерін бағалады. Сонымен қатар, еркін форматтағы сұхбаттар жүргізіліп, білім беру бағыттары, қабылдау талаптары және академиялық мүмкіндіктер жөнінде толық ақпарат берілді. Көрмеде техникалық және инженерлік бағыттардан бастап гуманитарлық және шығармашылық салаларға дейінгі барлық мамандықтар таныстырылып, болашақ студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауап алды.
Сондай-ақ, болашақ талапкерлерге арналған арнайы лекциялар ұйымдастырылды. Сарапшылар қабылдау ережелері, мамандық таңдау стратегиялары және университетке қабылданудың тиімді тәсілдері бойынша нақты әрі пайдалы кеңестер берді. Кездесу барысында «Грант vs мамандық», «Оқушылардың 95%-ын грантқа түсіретін 3 құпия», «Қазақстан тарихы пәні бойынша ҰБТ-ға дайындаудың тиімді жолдары» сияқты тақырыптарда баяндамалар жасалды. Сонымен бірге, лекциялар барысында студенттік өмірдің ерекшеліктері, академиялық ұтқырлық бағдарламалары мен халықаралық тәжірибе алу мүмкіндіктері туралы да жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Айта кетейік, «Study in Kazakhstan» көрмесі Қазақстан қалаларын аралап, талапкерлерге жетекші оқу орындарымен таныстырып, өз білім жолын саналы түрде таңдауға жаңа мүмкіндіктер ұсынуды жалғастырады.
