
«Өзбекәлі Жәнібеков және ұлттық мұраны дамыту» атты ғылыми семинар

2026 жылдың 7 сәуірінде Тарих факультетінің Археология және этнология кафедрасының ұйымдастыруымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығы мен Ғылым күніне орай «Өзбекәлі Жәнібеков және ұлттық мұраны дамыту» атты ғылыми семинар өтті. Семинар барысында кафедра меңгерушісі Ұ. Үмітқалиев Ө. Жәнібековтің «Тайқазанның елге оралуы» жайлы қызықты деректермен бөлісті. Доцент М.К. Хабдулина оның қарапайымдылығы мен бекзаттығын ерекше атап өтіп, Ө. Жәнібековті «саяси батылдықтың символы» деп бағалады. Кафедраның аға оқытушысы Г.И. Ишкалова танымал зерттеушінің өзі туралы айтқан қызықты естеліктерін баяндаса, доцент З. Ибадуллаева оның ел үшін қалдырған өшпес мұралары туралы кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, музей ісін қалыптастырудағы еңбегі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтірудегі қызметі, қазақтың ұлттық киімдеріне қатысты өз қолымен жасаған туындылары мен ғылыми еңбектері жөнінде мәліметтер берілді.

Сонымен қатар, АЭ-21 тобының студенттері ғалым мұрасына арналған кітап көрмесін ұйымдастырды. Топ студенттері Д. Кусаинова, Д. Назар, Ж. Нұрғазы Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен шығармашылығы, сондай-ақ кейінгі ұрпаққа қалдырған өшпес мұрасы туралы мазмұнды баяндамалар жасады.

Аталған шараға Тарих және Филология факультеттері декандарының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасарлары Н.А. Мұхаметжанова мен Г.С. Қасбаева, сонымен қатар ғалым мұрасын зерттеуші жас ізденуші Ж. Таңсық қатысып, өз пікірлерімен бөлісіп, тың деректер ұсынды.

