
Жас ғалымдарды ақпараттық қолдау





Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ғылым күніне арналған декада аясында Ғылыми кітапхананың Ғылыми зерттеу жұмыстарын қолдау бөлімі жас зерттеушілердің біліктілігін арттыру мақсатында онлайн-семинар ұйымдастырды. Іс-шараға ғылыми-ақпараттық компаниялардың сарапшылары шақырылып, олар зерттеу дағдыларын дамыту, жарияланым белсенділігін арттыру және ғылымдағы заманауи құралдарды қолдану туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Тыңдармандар қатарын негізінен 1 және 2 курс докторанттары толықтырды.
Бөлім басшысы Айнагүл Айтуарова семинарды бастап, бөлімнің ресурстары, құралдары мен қызметтері туралы шолу жасап, олардың ғылыми қызметтегі маңыздылығы туралы атап өтті. Одан кейін Рабиға Хожамқұл (Informascope) Scopus-та сәтті жарияланым жасау тақырыбында презентация ұсынып, қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Ол мақалаларды дайындау кезеңдері мен жариялау стратегияларын жан-жақты түсіндірді. Келесі спикер Ирина Сержан (EBSCO) EBSCOhost платформасындағы жасанды интеллект құралдарын ғылыми ақпаратты іздеуді оңтайландыру және зерттеу сапасын арттыруда қолдану туралы баяндады. Сондай-ақ ЕҰУ үшін қолжетімді контент негізінде EDS жүйесінде жұмыс істеу мысалдарын көрсетті. Қорытынды сөзді Виктор Жабров («NextDay Solutions») сөйлеп, Emerald академиялық журналдарына арнады. Ол жарияланым мүмкіндіктерін таныстырып, материалдарды халықаралық стандарттарға сай дайындау бойынша практикалық ақыл-кеңес берді.
Семинар жас зерттеушілер үшін тәжірибе алмасуға және құнды ақпарат алуға мүмкіндік берген тиімді алаңға айналды. Қатысушылар ұсынылған материалдардың практикалық маңыздылығын жоғары бағалап, осындай білім беру іс-шараларына алдағы уақытта да қатысуға дайын екендіктерін білдірді.
