
ЕҰУ-де әлемдік ғылымдағы әйелдердің рөлі мен инновацияларды коммерцияландыру мәселелері талқыланды





















Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 30 жылдығы мен «Ғылым онкүндігі» аясында Халықаралық қатынастар факультетінің Саясаттану кафедрасында жас ғалымдар мен студенттерге арналған «Ғылымдағы әйелдер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны кафедраның студенттердің ғылыми жұмысына жауапты аға оқытушысы, PhD Д.Көпежанова ұйымдастырды.
Жиын барысында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының ішкі саясат мәселелері жөніндегі орынбасары, PhD, қауымдастырылған профессор А. Жолдыбалина ғылымдағы әйелдердің рөлі, әлемдік ғылымға үлес қосқан ғалымдар мен Нобель сыйлығының лауреаттары туралы жан-жақты презентация жасады.
Кафедра меңгерушісі Д. Примбетов арнайы шақырылған қонақтар – Түркиядан келген саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар докторы Г. Кутушова мен «Градиент» халықаралық зерттеу орталығының басшысы З. Өтекованы күтіп алып, мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, іс-шараға белсене қатысқан оқытушы-ғалымдар PhD Ә. Тұрсынбек пен саяси ғылымдар кандидаты М.К. Төлебаеваның еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Дөңгелек үстелге қызығушылық танытқан 1-4 курс студенттері, магистранттар мен жас ғалымдар өзара еркін пікір алмасты. Студенттер ғылымды коммерцияландыру, ғылыми қызметтің мүмкіндіктері мен келешегі, сондай-ақ ғылымды дамытудың өзекті мәселелері бойынша өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Жастарды шабыттандырып, зор мотивация берген бұл кездесу болашақта студенттердің аталған мекемелерде өндірістік тәжірибеден өтуі, екіжақты байланыс орнату және үшжақты келісімдер жасасу мәселелерін талқылаумен қорытындыланды.
