
ЕҰУ-да шетелдік ғалым Дэвид Дьёрфидің дәрісі өтті









Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Англияның Суррей университетінің Суррей морфология тобының (Surrey Morphology Group) ғылыми қызметкері PhD Дэвид Дьёрфидің «-(Ы)п шық: грамматикалану тізбегіндегі лексикалану кезеңі» тақырыбындағы дәрісі өтті.
Бұл дәрісті «Қазақ тіл білімі» кафедрасы қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының студенттеріне жүргізіліп жатқан «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы» курсы аясында ұйымдастырды.
Ғалым дәрісінде бірлескен етістіктердің (Co-Headed Verbs, CHV) табиғатына тоқталып, олардың бір клаузада екі етістіктің бірігуі арқылы бір ғана әрекетті білдіретін күрделі баяндауыш түрі екенін атап өтті. Мұнда бір етістік негізгі лексикалық мағынаны білдірсе, екіншісі әрекетті нақтылайтын модулятор қызметін атқаратыны түсіндірілді. Сонымен қатар мұндай құрылымдардың ашық және жабық сынып етістіктері арқылы қалыптасып, ортақ аргументтік құрылымды бөлісетіні айтылды.
Дәрісте әлем тілдеріндегі бірлескен етістіктер жүйесі салыстырмалы түрде қарастырылып, 40 тілге жүргізілген зерттеу нәтижелері ұсынылды. Ғалым мұндай жүйелердің конвергентті эволюция арқылы дамитынын, модулятор қызметінде жиі қолданылатын етістіктердің Ципфтік таралуға сәйкес келетінін атап өтті.
Кең таралған етістіктермен қатар сирек кездесетін модуляторлардың да грамматикалану үдерісіне қатысатыны көрсетілді. Баяндаманың негізгі бөлігінде түркі тілдеріндегі бірлескен етістіктердің тарихи дамуы талданып, қазіргі қазақ тіліндегі -(Ы)п шық құрылымына ерекше назар аударылды. Доктор Д. Дьёрфи бұл модельдің созылыңқы әрекеттің аяқталуын білдіретінін атап өтіп, XIX–XX ғасырлар мәтіндері негізінде оның бастапқыда лексикаланған құрылым ретінде қолданылғанын көрсетті. Бұл деректер лексикалану кезеңінің грамматикалану үдерісіндегі маңызды рөлін айқындайды.
Дәріс соңында студенттер сұрақтар қойып, мазмұнды ғылыми пікір алмасу болды. Іс-шара білім алушылардың ғылыми қызығушылығын арттырып, заманауи лингвистикалық зерттеулермен танысуға және қазақ тілін халықаралық ғылыми контексте қарастыруға мүмкіндік берді.
