
"Дизайн және инженерлік графика" кафедрасында "ǴYLYM JÁNE BІLІM - 2026" ХХI Халықаралық ғылыми конференциясы өтті

13 сәуір «Ғылым қызметкерлері күні» аясында өткізілген "ǴYLYM JÁNE BІLІM - 2026" Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығына арналған жас ғалымдардың ХХI Халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Бұл жыл сайынғы өткізілетін дәстүрлі іс-шара студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттырып, олардың өзекті зерттеу бағыттарын көпшілікке таныстыруға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми конференция. "Дизайн және инженерлік графика" кафедрасында Конференция үш бағыт бойынша секциялық жұмыстар аясында жүргізілді:
11.5 Сәулеттік дизайндағы цифрландыру және жасанды интеллект технологиялары
11.6 Графикалық дизайндағы цифрландыру және жасанды интеллект негізіндегі визуалды шешімдер
11.7 Білім беру мен ғылыми зерттеулердегі цифрландыру және жасанды интеллект технологияларының өзекті мәселелері секциясы.
Секциялық отырыстар барысында "Дизайн", "Сәулеттік дизайн" және "Графикалық дизайн" білім беру бағдарламаларының студенттері мен магистранттары белсене қатысып, ғылыми ізденістерімен бөлісті. Қатысушылар өз баяндамаларында зерттеу жұмыстарының өзектілігін, мақсаты мен міндеттерін нақты айқындап, өз жұмыстарын сәтті ұсынды.
Жалпы конференция аясында 94 өтінім берілді. Оның ішінде 47 ғылыми баяндама тыңдалып, қызықты пікірталастар мен мазмұнды талқылаулар жүргізілді. Әсіресе, практикалық маңызы зор және тың идеяларымен ерекшеленген қатысушылар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Конференция жас ғалымдарға кәсіби өсуге, шығармашылық бастамаларды жүзеге асыруға және ғылыми ортада пікір алмасуға зор мүмкіндік берді. Осындай іс-шаралар болашақ дизайнерлер мен сәулетшілердің ғылыми әлеуетін арттырумен қатар, заманауи талаптарға сай жаңа көзқарастарды қалыптастыруға негіз болары сөзсіз.

