
ЕҰУ-да Қазақстан тарихы бойынша аз зерттелген маньчжур дереккөздері қарастырылды











Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы Ғылым күні қарсаңында 10 сәуірде университеттің 30 жылдығына, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының 25 жылдығына орай «Қазақ хандығы тарихы: маньчжур тіліндегі архив деректері» атты ғылыми семинар өткізді.
Іс-шараның модераторы тарих ғылымдарының докторы, профессор Данагүл Махат кіріспе сөз сөйлеп, Қазақ хандығы тарихының іргелі зерттеу нысанына айнала қоймаған тың дерекді, соның ішінде маньчжур құжаттарын кешенді зерттеудің өзектілігіне тоқталды.
Баяндамашы, ғылыми орталықтың бас ғылыми қызметкері Еркінжан Сыламхан өз зерттеуінде келесі маңызды бағыттарға тоқталды: Қазақ хандығына, қазақ хан-сұлтандарына қатысты маньчжур тіліндегі архив деректерінің көп бөлегі ҚХР, Бейжің қаласындағы Бірінші тарих архивінде сақталған. Архив мекемесінде сақталған 2 миллионға таяу маньчжур архив құжаттары Цин империясы кезеңін (1636-1912 жж) толық қамтиды, аталған архив деректердің ішінде Шынжаңға, Орта Азияға қатысты делінетін құжаттар саны 100 мыңнан асады. Бұл архив деректер әлі де толықтай аударылып, баспа бетін көрмеді, ғылыми айналымға түспеді. Маньчжур тілі Цин империясының мемлекеттік тілі болған. Әсіресе, XVIII ғасырда Цяньлун император кезеңінде (1735-1796 жж) маньчжур тілінің мәртебесі күш алған, қолдану аясы кең болды. Бір қатар құжаттар тек маньчжур жазуында ғана жазылып, сақталған. Бұл кезең Қазақ хандығы мен Цин империясы арасындағы қарым-қатынастың орнығып, жаңа геосаяси өзгерістердің жаңа бағытқа бет алу дәуірі еді. Осы күрделі саяси оқиғалар Цин архивтерінде, маньчжур тіліндегі хат-хабарларда, архив деректерінде сақталған. Бұл тарихи архив дереккөздер отандық тарих үшін аса маңыды. Бірінші тарих архивіндегі маньчжур тіліндегі архив құжаттары әлі реттеліп, баспа бетін көрмеді. Баспа бетін көргендерден, мысалы «Шынжаң өңіріне қатысты маньчжур тіліндегі архив жинағының катологі» (12 том) атты жинақтың алты томы тек Қазақстан, Орта Азия, Шыңжаң өңіріне қатысты болып келеді. Бұдан тыс, маньчжур тіліндегі 283 томдық архив жинағы өте маңызды дереккөздердің жинағы есептелінеді. Бұл жинақтың тек қазірге дейін алғашқы отыз томының ғана қытай тіліне аударылуы, әлі де тарихымызға қатысты маньчжур архив деректерінің маңызын білдіреді. Қысқасы, маньчжур тіліндегі архив деректері Қазақ хандығы тарихын зерттеуде маңызды деректер базасының бірі саналады.
Семинар барысында профессор Тұрсынхан Зәкенұлы маньчжур деректерінің деректанулық құндылығына тоқталып, мамандандырылған арнайы ғылыми-зерттеу орталығын құру қажеттілігін тілге тиек етті. Конфуций институтының директоры Ынтықан Қалбан маньчжуртану бағытын дамыту үшін білікті мамандар даярлау мен жазба жәдігерлерді аудару мәселесінің өзектілігіне тоқталып, бұл жұмыстың отандық тарихнаманы жаңа белеске көтеретінін алға тартты.
Ғылыми орталық ғалымдары Отандық тарихнаманың деректік қорын толықтырған маньчжурлық деректер Қазақ хандығының геосаяси ықпалын нақты айғақтап, өз кезегінде шекаралас аймақтардағы қазақ қауымдастықтарының қоныстану тарихын жаңа әдістемелік деңгейде зерделеуге негіз болатындығын ортаға салды. Семинарға қатысқан Қазақстан тарих кафедрасының докторанттары маньчжур тілді деректердің қолжетімді болуы диссертациялық зерттеулердің деректанулық базасын айтарлықтай кеңейтетінін атап өтті.
Қытай архивтеріндегі бұрын зерттелмеген маньчжур тілді құжаттарды ғылыми айналымға енгізу - Қазақ хандығының халықаралық қатынастардағы геосаяси мәртебесін айқындап, отандық тарихнаманың деректік негізін әлемдік деңгейде нығайтуға жол ашады.
