
ЕҰУ-да «CYCLELAB» байқауының үздік жобаларының авторлары марапатталды





















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында университеттің 30 жылдығына орай «CYCLELAB: Болашақ экологиясы» студенттік жобалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Іс-шара Таза Қазақстан экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылып, ЕҰУ-дың тұрақты болашақты дамытуға қосқан үлесін айқындады.
Байқауды Қазақстанның қайталама шикізат өңдеушілер қауымдастығы және «Жасыл даму» АҚ ұйымдастырып, ЕҰУ Тұрақты даму орталығы бірлесіп өткізді. Бас демеуші - Банк ЦентрКредит. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Алиев қатысты.
Байқау Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарынан келген колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін біріктірді. Қатысушылар қалдықтарды қайта өңдеу, «ақылды» сұрыптау, цифрлық шешімдер және экологиялық ағарту бағыттарында жобаларын ұсынды.
Іріктеу нәтижесінде инновациялық және тәжірибеге бағытталған үздік жобалар анықталды. Университеттің мерейтойлық жылында жүлделі орындардың екеуін ЕҰУ студенттері иеленуі - ерекше мақтаныш, бұл оқу орнының жоғары ғылыми әлеуетін дәлелдейді:
1 орын - 1 500 000 теңге.
«ReLife» жобасы (Астана медицина университеті, Диас Егимбаев, Абылай Күмісбек) - медициналық пластик қалдықтарын құрылыс материалдарына айналдыру.
2 орын - 600 000 теңге.
«DualValue Carbon» (ЕҰУ, Сүлеймен Бақытов) - ПЭТ пластикті натрий-селен аккумуляторларына арналған көміртекті материалға айналдыру технологиясы.
2 орын - 600 000 теңге.
«EcoKids» (Назарбаев Университеті, Жасұлан Төлеубеков) - балаларға арналған экологиялық білім беру платформасы.
3 орын - 500 000 теңге.
«Coil Soil» (Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Юлия Куликова, Виолетта Гапич) - күл мен органикалық қалдықтарды компостқа айналдыру.
3 орын - 500 000 теңге.
«QarEnergy» (ЕҰУ, Самира Ахметова, Айдана Ақпарова, Гүлназ Ыдырыс) - температура айырмасы арқылы энергия өндіру жүйесі.
Осылайша, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттерінің жобалары үздіктер қатарынан көрініп қана қоймай, «жасыл» экономикаға нақты шешімдер ұсынды. Бұл университеттің 30 жылдық мерейтойы аясында ерекше маңызға ие.
Байқау серіктестеріне - «Жасыл даму» АҚ, Қазақстанның қайталама шикізат өңдеушілер қауымдастығына және Банк ЦентрКредит - жастар бастамаларын қолдағаны, экологиялық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріледі.
«CYCLELAB: Болашақ экологиясы» байқауы ЕҰУ-дың мерейтойлық іс-шараларының маңызды бөлігіне айналып, дарынды жастарды қолдауға және тұрақты даму саласындағы практикалық шешімдерді дамытуға бағытталған. Алдағы уақытта университет серіктестермен бірлесіп, мұндай бастамаларды кеңейтуді жоспарлап отыр.
