
ЕҰУ-да «Юнус Емре – Шәкәрім» симпозиумында түркі әлемінің рухани мұрасы талқыланды













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Юнус Емре – Шәкәрім: Түркі халықтарының рухани бірлігі» атты халықаралық симпозиум өтті.
Шараның мақсаты – түркі әлемінің рухани мұрасын дәріптеу, Юнус Емре мен Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы арқылы ортақ құндылықтарды насихаттау және мәдени-ғылыми байланысты нығайту.
Симпозиумға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов, TURKSOY ұйымының Аппарат басшысы Мұрат Кахарман, Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры, профессор, Түркия Жазушылар одағының төрағасы Арыжан Мұса Қазым, Юнус Емре институтының профессоры Орхан Кемал, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, сондай-ақ Түркия мен Қазақстанның жетекші ғалымдары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Халықаралық симпозиум Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтау сөзімен ашылды.
«Бүгін біз ортақ тарихымыз бен бауырластық байланыстарымыз тоғысқан ерекше шарада бас қосып отырмыз.Қазақ пен түрік халықтарының достығы – тамыры терең, рухы биік, ғасырлардан жалғасқан баға жетпес құндылық.Бізді біріктіретін – ортақ тарих, мәдениет, дәстүр, тіл және өзара үндестік. Юнус Емре мен Шәкәрім Құдайбердіұлы – түркі дүниесінің рухани үндестігін білдіретін ұлы ойшылдар. Сол себептен де бүгінгі халықаралық симпозиумның маңызы ерекше»,- деп атап өтті ректор. Содан кейін, ЕҰУ Ғылыми кеңесінің шешімімен Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры, профессор, Түркия Жазушылар одағының төрағасы Арыжан Мұса Қазымға «ЕҰУ-дың Құрметті профессоры» атағын табыс етті.
«Бұл келісім – екі елдің білім және ғылым саласындағы байланысын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Аталған бастама алдағы уақытта бірлескен жобалардың жүзеге асуына, студенттер мен оқытушылар алмасуына, ғылыми зерттеулердің дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз», - деді ректор.
Келесі кезекте Анкара әлеуметтік ғылымдар университетінің ректоры, профессор Арыжан Мұса Қазым ЕҰУ басшылығы мен Ғылыми кеңес мүшелеріне өз алғысын білдірді.
«ЕҰУ басшылығына және Ғылыми кеңес мүшелеріне алғысым шексіз. Ал бүгінгі симпозиумға келсек, оның жөні бөлек.Өйткені Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Юнус Емре – түркі руханиятын биіктеткен ұлы ойшылдар, екеуінің де шығамашылығы адамды ізгілікке, мейірім мен ар-ұжданға шақырады, сондықтан олардың мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін де рухани бағыт-бағдар болып қала береді.Бүгінгі симпозиум – ғылым мен мәдениеттің тоғысқан тұсы ғана емес, бұл – ойлар тоғысы, жүректер үндестігі.Бұл – дәстүр мен болашақтың арасындағы рухани көпір.Бұл – Қазақстан мен Түркия арасындағы ғана емес, бүкіл түркі әлемі бірлігінің көрінісі»,- деп атап өтті Арыжан Мұса Қазым.
Сондай-ақ симпозиумда «Қазақ газеттері» ЖШС директоры, академик Дихан Қамзабекұлы, ТҮРКСОЙ ұйымының Аппарат басшысы Мұрат Кахарман, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Юнус Емре институтының професссоры Орхан Кемал, филология ғылымдарының докторы, пофессор Серік Негимов, Қазақстан Жазушылыар одағы Астана филиалының директоры, ақын Бауыржан Бабажанұлы, ЕҰУ Абай академиясының аға ғылыми қызметкері, PhD-кандидат Әсем Ережеқызы, Мемлекеттік «Дарын» жастар және ұлттық «Айбозым» сыйлығының иегері Айгүл Кемелбаева сөз сөйлеп, баяндама жасады.
«Кейде тарих бір халықты екінші халықтан уақыт арқылы алыстатады.Ал оларды ұлы тұлғалар жүрек арқылы қайта табыстырады.Өйткені уақыт алыстатады, ал рух әрдайым жақындастырады. Шәкәрім мен Юнус Емре дәл сондай тұлғалар.Олар әртүрлі кеңістікте өмір сүрсе де, бір ақиқаттың, бір рухтың үнін жеткізді.Бүгін біз тек ғылыми талқылау үшін ғана жиналып отырған жоқпыз.Біз – ортақ рухани тамыры бар халықтардың үндестігін жалғастырып қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеру үшін жиналып отырмыз.Екі ойшылдың да мұраты – адамды кемелдікке жеткізу.Олар үшін ең үлкен құндылық – адамгершілік.Бұл идеялар бүгінгі әлем үшін ерекше маңызды.Айта кету керек, бұл ғылыми бастама өз жалғасын табады.Алдағы маусым айында Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде, кейін Түркиядағы Анкара университетінде жалғасады», - деді ұйымдастырушы, ЕҰУ Абай академиясының аға ғылыми қызметкері, PhD-кандидат Әсем Ережеқызы.
Бағдарлама аясында түркі ойшылдарының еңбектеріне арналған кітап көрмесі және екі ел мәдениеті мен достығын арқау еткен сурет көрмесі ұйымдастырылып, Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті мен Еуразия ұлттық университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.Сонымен қатар Түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі үшін ақындар: Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, Нұржан Қуантайұлы, Серікзат Дүйенғазы және суретші, көрме жетекшісі Әсемгүл Жанахметоваға ТҮРКСОЙ ұйымының медалі табыс етілді.
Симпозиум түркі халықтарының рухани бірлігін нығайтуға және халықаралық ғылыми диалогты дамытуға бағытталған маңызды алаң болды.
