
ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов ЕҰУ студенттерімен жүздесті









Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асановтың қатысуымен «ФКТ: жетістіктің үш тірегі» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараның басты мақсаты – студент жастарға мотивация беріп, табысқа жетудің негізгі қағидаттарын түсіндіру.
Кездесудің ашылуында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов сөз сөйлеп, мұндай шаралардың студенттер үшін маңызы зор екеніне тоқталды.
«Еуразия ұлттық университетінде оқу үдерісі тек дәрістермен шектелмейді. Университет қабырғасында түрлі делегациялармен кездесулер, ғылыми конференциялар, танымал тұлғалардың дәрістері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы өз болашақтарыңыздың берік негізін қалап, биік мақсаттарға қол жеткізесіздер деп сенемін», – деді ректор.
Шара барысында Жақып Асанов студенттік кезеңнен бастап жоғары мемлекеттік қызметке дейінгі кәсіби қалыптасу жолын баяндап, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол жетістікке жетуіне негіз болған үш қағиданы нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Атап айтқанда, фокус, командалық жұмыс және технологияларды тиімді үйлестіру – табысқа жетудің басты тетіктері екенін атап өтті.
«Университет тек білім беретін орын ғана емес, тұлға ретінде қалыптасуға жол ашатын орта. ЕҰУ қабырғасында алған білімдеріңізді тек теориямен шектемей, оны тәжірибемен ұштастырып, үнемі өздеріңізді дамытып отырыңыздар. Іздеген табады, сұраған алады – бұл өмірдің өзгермейтін заңдылығы», – деді Жақып Асанов.
Кездесу соңында студенттер спикерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еркін форматта пікір алмасты.
