
«Бір ел – бір кітап – 2026» акциясы аясында «Тағдыр» романы талқыланды
















Бүгін Ғылыми кітапханада «Кітап – білім бұлағы» апталығы аясында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына арналған талқылау өтті. Іс-шара 2026 жылғы жалпыұлттық оқуға таңдалған Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романына арналды.
Іс-шараны Журналистика және медиаөнер кафедрасының аға оқытушысы, PhD Әлімбекова Саягүл Қабылбекқызы жүргізіп, акцияның маңызы мен негізгі міндеттеріне тоқталды, «Тағдыр» романы туралы зиялы қауым өкілдерінің пікірлерін таныстырды.
Алғашқы сөз кезегі жазушының ұлы, белгілі қазақстандық тарихшы, тарих ғылымдарының доценті Арман Қабдешұлы Жұмаділге берілді. ZOOM платформасы арқылы онлайн қосылған ғалым романның жазылу тарихы мен әкесінің шығармашылық мұрасы туралы мазмұнды ойларымен бөлісті. Ол өз сөзінде қазақ халқының тарихындағы күрделі кезеңдердің шынайы көрінісін атап өтіп, жастарды кітап оқуға және ұлттық әдеби құндылықтарды қадірлеуге шақырды.
Шара барысында ғылыми кітапхана директорының кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Жанар Бекайдарқызы сөз сөйлеп, Қабдеш Жұмаділов шығармашылығының маңызына және «Тағдыр» романының тарихи-танымдық, көркемдік ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды.
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің «Баспа ісі-11» тобының студенттері «Бір ел – бір кітап» акциясына қатысты ақпараттық шолу ұсынып, қатысушыларды жазушының өмірі мен шығармашылық жолымен таныстырды. Сонымен қатар «Кітаптану негіздері» пәні аясында ұйымдастырылған талқылауда студенттер романды бөлімдер бойынша саралап, өз ой-пікірлері мен тұжырымдарын ортаға салды.
Іс-шара барысында қатысушылар кейіпкерлер бейнесі мен шығармадағы тарихи оқиғалар төңірегінде пікір алмасып, Арман Жұмаділге өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.
