
ЕҰУ-да кітапханашылар Бэк-офисі ашылды

24 қазан – Кітапханашылар күніне орай «Отырар» ғылыми кітапханасында кітапханашылар Бэк-офисі ашылды. Салтанатты рәсімге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов қатысып, мәртебелі мамандық иелерін төл мерекелерімен құттықтады.

Іс-шараның мақсаты – қоғамдағы кітапханашы мамандығының беделін арттыру, имиджін қалыптастыру және университетімізде руханият саласына еңбек сіңіріп жүрген кәсіби майталмандарды дәріптеу.
Басқарма төрағасы – ректор білімге ұмтылған оқырманның табылар жері – кітапхана екенін, жаңа технология заманында да, кітап адамның ой-өрісіне ықпал жасап, рухани азығы болып қала беретінін айтты және кәсіби мамандық иесі – кітапханашыларға сәттілік пен еңбектеріне шығармашылық табыс тіледі.
«Былтыр, ҚР Үкіметінің қаулысымен «24 қазан – Кітапханашылар күні» болып бекітілді. Осы мерекеге орай, бүгін «Отырар» ғылыми кітапханасында кітапханашылар Бэк-офисін ашып отырмыз. Бұл игі шара Респблика күні мерекесімен тұспа-тұс және кітапханашылардың төл мерекесі күніне дөп келуі жақсылықтың нышаны. Өйткені, нағыз зиялылардың бас қосатын ордасы кітапхана, ал кітапханашылар Бэк-офисі оқырманға ой салатын ортаға айналатынына сенімдімін. Сонымен бірге, бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгіні ұстар жас жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан - ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз оқырманына таныстырып, табыстырушы өзіндік тұлға, ол – кітапханашы. Мерекелеріңіз құтты болсын!», - деді ректор Ерлан Сыдықов.
Мерекелік басқосу одан әрі «Booken club» оқырмандар клубының мүшелерімен кездесуге жалғасты.
Кітап клубының негізгі мақсаты – білім іздеген студенттер арасынан сапалы орта құрып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және клуб мүшелерінің мәдени интеллектуалдық деңгейін жан-жақты дамытуға бағытталған ғылыми-әдеби, мәдени шаралар ұйымдастыру. Кездесу барысында студенттер өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын қойып, оған тұшымды жауап алып, әсерлі әңгіме тыңдап, өздерінің ізгі тілектерін білдірді.
Клуб мүшесі Жанболат Марат қазақтың ырым-тиымдары жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізсе, Жаратылыстану ғылымдары факультетінің 1 курс студенті Ақбота Сабырхан жан-жақты болу үшін кітапхананың маңызы зор екенін және ЕҰУ мүмкіндіктер ордасы болып отырғанын айтты. Ал, Филология факультетінің түлегі, «Booken club» жетекшісі Майра Ділдахан Ғылыми кітапханада екі жылдан бері қызмет атқаратынын және клубтың соңғы кездері атқарған жұмыстарына тоқталды.
«Клубтың құрылғанына небәрі екі жыл болса да түрлі ғалымдар, жазушылар, мәдениет және қоғам белсенділерімен кездесу ұйымдастырып үлгерді. Әлемдік және отандық әдебиеттің озық үлгілерінен әртүрлі тақырыпта кітаптарды талдап, пікір алмасты. Атап айтар болсақ, жазушы Төлен Әбдік, тележурналист Ләйлә Сұлтанқызымен кездесу өткізіп, Д.Исабековтың «Қарғын» романы, Қ. Жолдыбайұлының «Кемел адам», Д. Оруэллдің «1984», О. Бөкейдің «Атау кере» т.б.шығармаларын талқыладық», - дейді Клуб жетекшісі.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханасы университеттің негізгі ақпараттық орталығы болып табылады және оқу мен ғылыми-зерттеу үрдісін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
«Ғылыми кітапхананың негізгі қызметі - университеттің стратегиялық даму жоспары аясында білім бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолдау көрсету, баспа және электрондық ресурстармен қамтамасыз ету, ақпарат көздеріне кеңінен қол жеткізу үшін мүмкіндіктер жасау.
Кітапхана құрылымында 8 бөлім бар: қорды толықтыру бөлімі; каталогтау және құжаттарды жүйелеу бөлімі; оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі; ақпараттық-библиография бөлімі; сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімі; ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау бөлімі; электрондық ресурстарды ұйымдастыру және сақтау бөлімі; ғылыми-әдістемелік бөлім. Оқырмандарға 2 абонемент, 800 орынды 12 оқу залы және 150 компьютермен жабдықталған электрондық залдар қызмет көрсетеді», - дейді «Отырар» ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев.
Ғылыми кітапхананың жалпы қоры - 1 498 282 дана баспа басылымдары, қазақ тіліндегі басылымдар – 547 817 дананы құрайды. Қазақ тіліндегі басылымдарды көбейту мақсатында жыл сайын университет ғалымдарының арасында «Құнды тарту» акциясы ұйымдастырылып, 500-ден астам кітап қорға тарту етіледі. Жасап жатқан жобалары да жетерлік.
«Жалпы кітапхананың негізгі жобалары: «Гумилев әлемі», «Оқытушы еңбегі оқырманға ой салса», «Booken club» оқырмандар клубы. Сонымен қатар, біздің клубтардың негізгі мақсаты – ғалымдарымызды таныту, еңбектерін насихаттау, кітап оқу мәдениетін жетілдіру», - дейді кітапхана директорының орынбасары Жанар Бекайдарқызы.
Жасыратыны жоқ, университет ректоры Ерлан Бәтташұлының қолдауымен «Отырар» ғылыми кітапханасына жасалған жөндеу жұмыстары оқырмандар арасында кітапхананың имиджін қалыптастыруға ықпал етті. Сонымен қатар, кітапхананың технологиялық инфрақұрылымын жетілдіруге, кітапхана қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, ақпараттық ресурсты кеңейтуге кітапханалық қызмет көрсете отырып, жаңа технологиялардың мүмкіндіктері нәтижесінде ақпараттық орта қалыптастыруға бағытталды.
Айта кетейік, ЕҰУ ректоры күні кеше Республика күніне орай өткен салтанатты шарада профессор-оқытушылармен қатар бір топ сала қызметкерлерін де марапаттаған болатын. Олардың ішінде «Отырар» ғылыми кітапханасы кітапханашыларының да болуы біз үшін, әсіресе оқырмандар үшін үлкен олжа әрі қуаныш.
Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!

