
«Баспа ісі» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII Республикалық пәндік олимпиада өтті















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған XVIII Республикалық пәндік олимпиаданың «Баспа ісі» білім беру бағдарламасы Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі Журналистика және медиаөнер кафедрасында жоғары деңгейде өтті.
Қатысушы командалар үлкен дайындықпен келген. Киім формасына дейін талғаммен арнайы тігілген.
Бұл пәндік олимпиада турларында болашақ баспагерлер теориялық біліммен ғана жарысып қоймады. Баспагерге тән қабілет пен біліктілікті талап ететін тәжірибелік және өндірістік тапсырмаларды креативті тұрғыда орындады.
Қатысушы командалардың таныстыруы бейнероликпен баяндалып, «Poster» арқылы кітапқа жарнама жасалды.
«Storyboard» кезеңінде кітаптағы оқиғалар тізбегін комикс түрінде жеткізді. Әр командалар тапсырмаларды тыңғылықты жасап. өнімдерді баспадан арнайы шығарып ала келген.
Болашақ баспагерлер саладағы маркетинг пен менеджментті дамытудың, баспа индустриясын заманауи талапқа сай арттырудың, кітап тауарын өтімді өнімге айналдырудың креативті жолын көрсетті.
Тест сұрақтарында «Қазіргі баспа ісі», «Кітаптану», «Қазіргі полиграфиялық технологиялар» пәндерінен білімдерін сынады.
«Үздік баспагер-редактор» кезеңінің «Text менеджмент» бөлімінде мәтіндерді редакциялап, өңдесе, «Аннотация» бөлімінде кітапқа өздері аннотация жазды.
Олимпиаданың «Библиографиялық сипаттама және стандарттар» кезеңінде кітаптың титул бетін стандарттарға сай рәсімдеді. Бұл кезеңге
әділ-қазылар алқасының төрағасы Шыңғыс Бегімтаев бақылау жасап, жетекшілік етті.
«Book in a bag» кезеңінде берілген көрнекілік құралдар арқылы сюжетті анықтап, қандай кітап жасырынғанын тауып, кітап мазмұнын таныстырдың креативті жолын көрсетті. Бұл кезеңге ЕҰУ баспасының маманы А. Елешова жетекшілік жасады.
Пәндік олимпиаданың әділ-қазылар құрамын баспа мамандары, баспагер-редакторлар және журналистер құрады.
Әділ-қазылар төрағасы — Шыңғыс Бегімтаев,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар секторының ғылыми қызметкері, PhD;
Әділ-қазылар мүшелері:
— М.Б. Тоқтағазин, Бас редакторлар клубының вице-президенті, профессор;
— М.К. Абсалыкова, «Кәусар» баспасының жетекшісі;
— М. Мұқаш, «Арман-ПВ» бас директорының сауда және коммуникация жөніндегі кеңесшісі;
— К.Қ. Жұмағұлов, «Еуразия университеті» газетінің бас редакторы.
Олимпиада нәтижесінде келесідей жүлде орындары берілді:
1 орын — «Көксеңірлер» тобы. Жетекшісі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы
А. Қалибекқызы;
2 орын — «Парасат» тобы. Жетекшісі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Журналистика және медиаөнер кафедрасының аға оқытушысы, PhD
Г. Шауенова;
2 орын — «Алдаспан» тобы. Жетекшісі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы, PhD
А. Тілепберген;
3 орын — «Қаламгер» тобы. Жетекшісі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және медиаөнер кафедрасының аға оқытушысы, PhD
С. Алимбекова.
Жеңімпаздарға пәндік
олимпиаданың бас демеушісі «Тәп-тәтті» кондитерлік желісі және Sinopec компаниясы ұсынған планшет, Smart Watch, Power Bank сияқты бағалы сыйлықтар беріліп, ЕҰУ басқарма төрағасы-ректор
Е.Б. Сыдықовтың атынан дипломмен марапатталды.
«Баспа ісі» БББ пәндік олимпиадасының барлық қатысушылары мен жүлдегерлеріне және жетекшілеріне ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, Бас редакторлар клубы және «Фолиант», «Кәусар», «ЕҰУ» баспаларының қолдау-демеушілігімен кітаптар мен сыйлықтар берілді, «Еуразия университеті» газеті таратылды.
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Н. Қуантайұлы олимпиадашыларға алғысын жеткізіп, барлық қатысушы мен жеңімпаздарға ЕҰУ басшылығының «Алғыс хатын» табыстады.
Қорытынды марапаттаудан соң пәндік олимпиадашыларға университет өнерпаздары «Гала-концерт» ұйымдастырды. Журналистика және медиаөнер кафедрасының меңгерушісі А. Шурентаев олимпиадаға келген командаларды ықыласпен шығарып салды.
«Баспа ісі» БББ жаңа медиа кезеңіндегі әлеуетін паш еткен пәндік олимпиадаға келген студенттер де өз ризашылықтарымен бөлісіп жатты.
