
ЕҰУ- инклюзивті білім беру бойынша халықаралық диалог алаңына айналды









Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Инклюзивті қолдау орталығы мен Онлайн оқыту департаментінің ұйымдастыруымен «ЖОО-дағы инклюзивті білім: сын-тегеуріндер мен шешімдер» атты III халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жоғары білім беру жүйесінде инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған өзекті тәсілдерді талқылау және тиімді практикалық шешімдерді әзірлеу.
Конференцияға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова, ЕҰУ Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы, сондай-ақ Эстония, Ресей Федерациясы, Қырғызстан Республикасы және еліміздің өзге өңірлерінен келген инклюзивті білім беру саласының жетекші мамандары, ғалымдар мен сарапшылар аралас форматта (онлайн/офлайн) қатысты.
Жиынның ашылуында Ләззат Төлегенқызы сөз сөйлеп, инклюзивті білім берудің өзектілігін атап өтті.
«Қазіргі таңда жоғары оқу орнында ерекше білім беру қажеттіліктері бар шамамен 3500 студент білім алуда. Оның 20 пайызы - Еуразия ұлттық университетінің студенттері. Бүгінде оқу ордамызда 192 студент түрлі білім беру бағдарламалары бойынша білімін жетілдіруде. Бұл көрсеткіштер білім алушылардың академиялық, әлеуметтік, медициналық және психологиялық тұрғыда кешенді әрі жүйелі қолдауды қажет ететінін көрсетеді.
Бұгінгі конференция тәжірибе алмасуға, кәсіби диалог орнатуға және тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін маңызды халықаралық алаң. Мұндай іс-шаралар білім беру жүйесінің сапасын арттыруға және әрбір студент үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға елеулі үлес қосады», - деді проректор.
Кездесу аясында оқытушылар мен білім алушылардың 50-ден астам ғылыми мақалалары қамтылған жинақ жарық көрді. Бұл жинақ инклюзивті білім беру саласындағы мамандар үшін маңызды ғылыми-әдістемелік құрал. Сонымен қатар білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, заманауи білім беру әдістемелері мен цифрлық технологияларды енгізу, ерекше қажеттіліктері бар студенттерді академиялық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау, сондай-ақ жоғары оқу орындарында кедергісіз білім беру ортасын қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар инклюзивті білім берудің құқықтық, педагогикалық және әлеуметтік аспектілерін жан-жақты қарастырып, нақты ұсыныстар мен тәжірибелік шешімдер ұсынды.
Іс-шара соңында сұрақ-жауап сессиясы өткізіліп, қатысушыларға сертификаттар табысталды.
