
«Кітап – білім бұлағы» апталығы аясында кітапхана кеші өтті

















Ғылыми кітапханада Ұлттық кітап күні мерекесіне орай кітапхана кеші ұйымдастырылды. Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.
Кеш жүргізушілері мерекенің мәні мен маңызына тоқталып, қатысушыларды университеттің 30 жылдық мерейтойымен және алдағы Ұлттық кітап күнімен құттықтады.
Кештің ашылуында Ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев сөз сөйлеп, жиналған қонақтар мен оқырман қауымға ізгі тілегін білдірді. Ол кітап оқудың адам танымын кеңейтіп, рухани дамуға жол ашатын маңызды құндылық екенін атап өтті.
Іс-шара барысында университеттің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «KitapTime» фотобайқауының жүлдегерлері арнайы дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар дәстүрлі марапаттау рәсімі өтіп, әр факультеттен жоғары сұранысқа ие болған оқулық авторлары «Көп оқылған кітап» номинациясымен, кітапхана іс-шараларына белсенді қатысып, көп кітап оқыған оқырмандар «Үздік оқырман» және «Белсенді оқырман» номинацияларымен, ал кітапхана қорына құнды кітап тарту еткен оқырмандар «Құнды тарту» номинациясымен марапатталды.
Кеш барысында талантты студенттер өнер көрсетіп, М. Қулахметова «Беу айдай» әнін орындаса, Ф. Төлеухан домбырамен әуезді ән шырқады. №52 мектеп-гимназиясының оқушыларынан құралған «Өнерпаз» өнер орталығының «Шабыт» ансамблі бірнеше күй орындап, қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Бұдан әрі оқырмандар Д. Исабековтың «Гауһартас» шығармасы бойынша талқылауға қатысып, «Qasym» баспасының негізін қалаушы, кәсіпкер Ерлан Әшіммен кездесті. Сондай-ақ кітапхана залдарында түрлі сайыстар, викториналар, ойындар және библиолотерея ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сый-сияпаттар табысталды.
Кітапхана кеші мазмұнды әрі көтеріңкі көңіл күйде өтті.
