
Қазақстанның жас химиктері ЕҰУ-да өткен «KERUEN SCIENCE» эксперименттік кезеңіне қатысты

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің химия кафедрасында, кәсіби бағдар беру бөлімі және «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау орталығының қолдаумен дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін «KERUEN SCIENCE» химия пәні бойынша 7–8 сынып оқушылары арасында республикалық жасөспірімдер олимпиадасының тәжірибелік туры өтті.
Аталған олимпиаданың негізгі мақсаты - оқушылардың химия пәніне деген қызығушылығын арттыру, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолдану дағдыларын дамыту, ғылыми-зерттеу қабілеттерін қалыптастыру және дарынды оқушыларды анықтау. Сонымен қатар, олимпиада жасөспірімдердің болашақ мамандықты саналы таңдауларына бағыт-бағдар беріп, жаратылыстану ғылымдары саласына қызығушылығын арттыру арқылы кәсіптік бағдар беруде маңызды рөл атқарады.
Тәжірибелік турға 7-сыныптан 41, 8-сыныптан 45 оқушы қатысты. Қатысушылар сынауықтарға құйылған белгісіз заттарды сапалық талдау жасап, анықтады, оларды химиялық реакциялар арқылы дәлелдеп, тиісті реакция теңдеулерін жазу арқылы өз тәжірибелерінің нәтижелерін негіздеді.
7-сынып оқушылары бес белгісіз затты, ал 8-сынып оқушылары алты белгісіз затты анықтады.
Тапсырмалар арнайы құрылған комиссия мүшелері тарапынан әзірленді.
Тәжірибелерді өткізуге қажетті ерітінділер мен құрал-жабдықтарды химия кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор К.Тосмағанбетованың жетекшілігімен кафедраның оқу процесін қамтамасыз ететін мамандар П. Пәрімбек, С. Мүтәш, Ұ. Мырзалиева және А. Жантас дайындады.
Екі сағатқа созылған тәжірибелік кезең барысында оқушылар өз білімдері мен практикалық дағдыларын жоғары деңгейде көрсетті. Жұмыстарды химия кафедрасының доценті К.Бейсембаева, доцент м.а. К. Тосмағанбетова, Д. Нұрпейсова және басқа да әділқазы мүшелері тексерді.
Олимпиаданың өту барысын «Астана дарыны» орталығының мамандары қадағалап, іс-шара YouTube платформасында тікелей эфирде көрсетілді.
Олимпиада жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға ғылыми ортада жұмыс істеу тәжірибесін қалыптастыруға, сондай-ақ жаратылыстану салаларына қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік берді.
