
Өнер мен психология тоғысуы

2026 жылдың 20 сәуірінде СҚФ ғимаратында «Дизайн және инженерлік графика» кафедрасында «Түстану» пәнінен шығармашылық кездесу сабағы өтті. Бұл күндегі пән уақытша жан мен түс арасындағы шынайы диалогқа айналды. Әдетте, пішіндер мен сызбалар басым болатын аудиторияда, дәл сол күні сезімдердің, ассоциациялардың және ішкі күйдің жандануы болды.

B031-2121-25-01 (03) және B031-2120-25-01 топтарының бірінші курс студенттері мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің психологиялық қолдау орталығының кеңесші-психологы Есмағамбет Әдемау Айтжанқызының (@enu_psy) арасындағы кездесу өнер мен психология тоғысқан ерекше іс-шараға айналды. Білім алушыларға тек шығармашылық тапсырма ғана емес, сонымен бірге әркімнің ішкі түстанымына саяхаттауды ұсынып, бейресми кездесуді ұйымдастырған кафедра аға оқытушысы Ералы Эльмира Әнурабекқызы.

Студенттердің ұсынған бірінші тапсырмалары шынайы, әрі ерекше шыққан: білім алушыларға берілген суреттерге қарап, үш түрлі эмоцияны образдар арқылы жеткізу талап етілген – бұл тапсырмада сөзбен емес, бейнелермен, пішіндермен және әр түрлі түстермен орындау ұсынылған. Олар өз триптихтерінде бейнелеген 3 түрлі эмоцияларында сызықтарды дауысқа, ал түстерді – ішкі әлемнің тынысына айналдырған. Екінші тапсырмаларында жыл мезгілдерін бейнелеу арқылы білім алушылар ішкі сезімдерге одан да тереңірек үңіліп – табиғат ырғағына еніп кеткендей әсер қалдырды. Әрбір мезгіл – көктем, жаз, күз және қыс – бір жанның төрт көңіл-күйі сияқты төрт түс тобы арқылы ашқан. Студенттер таныс сызықтар бойынша түстің жаңа көріністерін іздеп, таңдалған бейнелер мен көріністерді түс бергенде толығымен өзгеріске енуге мүмкіндік ашқандай әсер қалдырды.

Кездесу барысында психолог түстің тек көрнекі құбылыс емес, біздің санамыз сөйлейтін тіл екенін еске салып өтті. Білім алушылар төрт негізгі түс – қызыл, көк, сары және жасыл түстермен өз күйлерінің көрінісін сезіне алатын ойын-жаттығу орындап, түстермен жеке ішкі байланыстарын ұғына алды.
Өз жұмыстарын таныстыруға мүмкіндік алған студенттер, маманның кәсіби көзқарасын таыңдай алды: әрбір студент өзінің ішкі әлеміне кішкентай есік ашқандай әсерде қалды. Олар түстер мен пішіндер арқылы кейде сөзбен жеткізуге қиын, әрі терең жатқан сезімдерін аша алды. Білім алушылардың бұл шығармалары үміттің тыныш көктемін, сезімнің ыстық жазын, ойдың ойлы күзін және ішкі тыныштықтың терең қысын еске түсірді.

Кездесу қонағы мұндай шығармашылық тапсырмалардың білім беру процесінде ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Осындай тапсырмалар студенттерге таныс нәрселерден тыс шығып, түс пен жарықтың адамға әсерін жаңаша көруге және ең бастысы, қарапайым көрнекі бейнелер шынайы сезімдерді сөзсіз жеткізіп, сезінуге мүмкіндік беретінін айтып кетті.
Сол күнгі сабақ ерекше болды..., кейде тұтас бір хикаяны жеткізу үшін тек бір парақ қағаз, бірнеше бояу және ішкі үн жеткілікті. Өйткені, тіршілікті сезінетін адамның әрбір шығармашылық жұмысы – бұл түсті үнге, пішінді ойға айналдыратын тылсым тарих.
