
ЕҰУ-да жаңартылған Конституция аясында адам құқықтары талқыланды







ЕҰУ омбудсмені Нэли Шапекованың бастамасымен Студенттік омбудсмендер мектебінің кезекті отырысы өтті. Іс-шараға Астана қаласының жетекші жоғары оқу орындарының белсенді студенттері, сондай-ақ ЕҰУ студенттері қатысты.
Кездесу тақырыбы «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтары» атты өзекті мәселеге арналды. Спикерлер ретінде Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың құқықтық ағарту және БАҚ-пен өзара іс-қимыл бөлімінің бас кеңесшісі Ілияс Сансызбай және осы орталықтың халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы Ляззат Сабенова сөз сөйледі.
Талқылау барысында қазіргі құқықтық күн тәртібінің негізгі аспектілері қозғалды: мемлекеттік саясаттағы адамның рөлі, негізгі құқықтар мен бостандықтардың басымдығы, сондай-ақ олардың Конституцияда мемлекеттің басты құндылығы ретінде бекітілуі. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Халықаралық қауымдастық үшін Қазақстандағы омбудсмен институтымен өзара іс-қимыл елдегі адам құқықтарының жай-күйі мен демократиялық институттардың дамуы туралы объективті ақпарат алудың маңызды арнасы болып табылатыны атап өтілді.
