
Әзербайжан ғалымдары Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Сәулет-құрылыс факультетіне келді.







Халықаралық академиялық өзара іс-қимылды нығайту және озық шетелдік тәжірибелерді енгізу стратегиясы аясында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Сәулет-құрылыс факультетіне Әзербайжан сәулет және құрылыс университетінің ғалымдары — т.ғ.к., доценттер Гюльнар Фейзиева мен Мирфатма Джавадова келді. Сапар барысында факультет деканы Е.Е. Сабитовпен, «Құрылыс» кафедрасының меңгерушісі А.Е. Елеусиновамен, «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс технологиясы» кафедрасының меңгерушісі Л.Б. Аруовамен және факультеттің профессор-оқытушылар құрамымен нәтижелі жұмыс келіссөздері өтті.
Ғалымдардың СҚФ студенттеріне оқыған дәрістер циклі сапардың ерекше оқиғасына айналды. Дәрістер аудиторияның үлкен қызығушылығын тудырды: студенттер оқу процесіне барынша атсалысып, пікірталастарға белсенді қатысты және саланың заманауи трендтеріне қатысты сұрақтарын қойды. Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар бірлескен ғылыми жобаларды дамыту мүмкіндіктерін және академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру мәселелерін талқылады. 7М07329 «Құрылыс» және 7М07352 «Инженерлік жүйелер мен желілер» білім беру бағдарламаларының магистранттарына арналған ғылыми тағылымдама бағдарламасына ерекше назар аударылды. Тараптар халықаралық деңгейдегі инженерлік кадрларды даярлау мәселесіне көңіл бөліп, нақты халықаралық жобаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісті және азаматтық құрылыс саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын белгіледі, бұл екі жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетін біріктірудегі маңызды қадам болды.
