
30 жылдыққа тарту: ЕҰУ-да «Мerei toi кубогы» өз иесін тапты



















Сенбі күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығына арналған «Мерейлі ай» бағдарламасы аясында Көлік-энергетика факультетінің ұйымдастыруымен волейболдан «Мerei toi кубогы» турнирі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және дене белсенділігін арттыру. Сонымен қатар турнир командалық рухты нығайтуға, талантты спортшыларды анықтауға және қатысушылар арасында достық қарым-қатынас пен тәжірибе алмасуға бағытталды.
Турнирдің ашылу салтанатына университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгінгі турнир – тек спорттық жарыс емес, бұл – әріптестер мен студенттер арасындағы өзара сыйластықты, бірлік пен командалық рухты нығайтатын маңызды алаң. Осындай игі бастамалар университет өмірін жандандырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен серпін береді. Қатысушы командалардың барлығына сәттілік тілеймін», - деді проректор.
Жарысқа 10 команда қатысты. Олардың қатарында Жаратылыстану ғылымдар институты, Механика-математика факультеті, Физика-техникалық ғылымдары институты, Көлік-энергетика факультеті, сондай-ақ ұйымдастырушы факультеттің 5 кафедрасы мен «Жастар рухы» командасы бар.
Командалар А және В топтарына бөлініп, айналым жүйесі бойынша бақ сынады. Ойындар екі алаңда қатар өткізілді. Топтық кезең нәтижесі бойынша әр топтан үздік екі команда жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда В тобының жеңімпазы А тобының екінші орнымен кездесті. Жеңілген командалар үшінші орын үшін ойнаса, жеңімпаздар финалда бірінші орынға таласты. Барлық кездесулер волейболдың бекітілген ережелеріне сәйкес жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Механика-математика факультетінің «Жоғары математика» командасы иеленіп, «Мerei toi кубогының» иегері атанды. Екінші орын Көлік-энергетика факультетінің «Жылу энергетика» командасына бұйырса, үшінші орынды осы факультеттің «Электр энергетика» кафедрасының командасы иеленді.
Бүгінгі жарыс – тек спорттық дода ғана емес, бұл өзара құрметтің, достықтың және бірліктің жарқын көрінісі. Сіздер жоғары шеберлік, ұйымшылдық және жеңіске деген ерекше жігер таныттыңыздар. Әр ойындарыңызда табандылық пен намысты биік ұстап, университетіміздің абыройын асқақтата беріңіздер. Бұл жеңіс – еңбектеріңіздің лайықты жемісі. Жеңістеріңіз жалғаса берсін!», - деді Көлік-энергетика факультетінің деканы Өміржан Қоқаев.
«Бұл турнирге біз жақсы дайындықпен келдік.Ойын тартысты да қызықты өтті, ал жеңіс – «Мerei toi кубогы» біздің командаға бұйырды», - деді қуанышын жасыра алмаған механика-математика факультетінің «Жоғары математика» кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, доцент Мырзағали Оспанов.
Жеңімпаз командалар чемпиондық кубок, медальдар және қаржылай сертификаттармен, ал үздік ойыншылар арнайы дипломмен марапатталды.
