
ЕҰУ-дағы дәстүрлі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі
Еуразия ұлттық университетінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі аясында 100-ден астам жұмыс беруші ұйым студенттерге өздерінің мансаптық мүмкіндіктерін ұсынды. Қатысушылар қатарында ірі холдингтер, инвестициялық компаниялар, мемлекеттік мекемелер, ғылыми-зерттеу орталықтары және халықаралық ұйымдар болды.
Іс-шараға университеттің студенттері, магистранттары, докторанттары және профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Ашылу салтанатына ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Астана электротехникалық зауытының техникалық директоры Олжас Қаирбаев және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің өкілі Ақмарал Бозшаева қатысты.
Жәрмеңке университет пен еңбек нарығы арасындағы байланысты нығайтатын маңызды алаңдардың бірі болып саналады. Қорытындысында көптеген студенттер тағылымдамадан өтуге және жұмысқа орналасу бойынша сұхбаттарға шақырту алды. Бұл ЕҰУ түлектеріне еңбек нарығында жоғары сұраныс бар екенін тағы бір мәрте көрсетті.
