
«Қазақ тіл білімі мәселелері: магистрлік зерттеулер бойынша» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел

2026 жылдың 5 сәуірінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасында кафедра бойынша магистратураға жауапты, ф.ғ.д. Г.О. Сыздықованың ұйымдастыруымен «Қазақ тіл білімі мәселелері: магистрлік зерттеулер бойынша» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Ғылыми шара магистранттардың ғылыми ізденістері бойынша халықаралық тәжірибе алмасуға арналды.
Дөңгелек үстел жұмысын кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к Қ.Т. Бибеков жүргізді. Іс-шара барысында халықаралық білім беру кеңістігіндегі зерттеулер мен қазіргі қазақ тіл білімінің өзекті бағыттары жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, ЕҰУ және Түркияның Эге университетінің түлегі, PhD М.Е. Әділов, Анкара және Эге университеттерінің магистранттары Д. Нұрғожа, Б. Бекболат шетелдік оқу тәжірибесі мен филологиялық зерттеулердің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар ЕҰУ 1-курс магистранттары А. Жиенбекова, А. Габитова. Д. Мейранбек, Н. Әлихан қазақ тіл біліміндегі магистрлік зерттеулердің бағыт-бағдары, қазіргі ғылыми парадигмалармен байланысы туралы өз зерттеу жұмыстары бойынша пікір алмасты. Дөңгелек үстел ЕҰУ Қазақ тіл білімі магистранттары мен шетелдік ЖОО магистранттары арасындағы халықаралық ғылыми байланысты нығайтуға септігін тигізді.
