
ЕҰУ-да РОӘК ОӘБ аясында әлеуметтік қызметкерлерді даярлау мәселелері тәжірибе мен еңбек нарығының сұранысына басымдық бере отырып талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында «Әлеуметтік жұмыс» кадрларын даярлау бағыты бойынша Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің оқу-әдістемелік бірлестігі жобаларды басқару тобының кеңейтілген мәжілісі өтті. «Білім мен тәжірибе тоғысындағы әлеуметтік жұмыс: кадр даярлау, еңбек нарығы және мемлекеттік сұраныс арасындағы үйлесім кеңістігі» тақырыбындағы бұл маңызды жиын білім беру жүйесі мен әлеуметтік саланың өзара байланысын жаңа деңгейде талқылауға арналды.
«Отырар» кітапханасының Ә.Марғұлан залында өткен жиынға мемлекеттік органдар өкілдері, ғылыми қауымдастық, әлеуметтік сала мамандары мен жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары қатысты. Күн тәртібіне қойылған мәселелер әлеуметтік жұмыскерлерді даярлау сапасын арттыру, еңбек нарығының нақты сұраныстарына бейімдеу және мемлекеттік саясатпен үйлестіру бағыттарын қамтыды.
Жиынның ашылуында Академиялық мәселелер жөніндегі проректор, РОӘК ОӘБ төрағасының орынбасары А.Бейсенбай құттықтау сөз сөйлеп, әлеуметтік жұмыс саласының бүгінгі қоғамдағы рөліне тоқталды. Ол өз сөзінде білім беру жүйесі мен практиканың арасындағы алшақтықты жою – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар университет қабырғасында жүзеге асырылып жатқан білім беру бағдарламаларын жаңғырту жұмыстары осы мақсатқа бағытталғанын жеткізді.
Кеңейтілген мәжіліс аясында бірқатар мазмұнды баяндамалар тыңдалды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ғылыми зерттеулер және инновациялар департаментінің директорының міндетін атқарушы, PhD, қауымдастырылған профессор М.Бірімжанова әлеуметтік қорғау жүйесіндегі кадрларды қайта даярлау мен біліктілігін арттырудың өзекті қажеттіліктерін атап өтті. Бұл бағытта білім беру бағдарламаларының мазмұнын еңбек нарығының нақты сұраныстарына бейімдеу қажеттігі ерекше айтылды.
Өңірлік тәжірибеге тоқталған «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры А.Сеитова әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар мамандарының біліктілігін арттыруға деген сұраныстың артып отырғанын жеткізді. Бұл өз кезегінде оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңартуды талап етеді.
Жиында ЕҰУ базасында жүзеге асырылып жатқан біліктілікті арттыру және қайта даярлау бағдарламаларының алғашқы нәтижелері ұсынылды. Үздіксіз білім беру институтының Сертификаттау орталығының басшысы С.Бірімжанова бұл бағдарламалардың тиімділігін атап өтіп, олардың кәсіби ортада оң бағасын алып отырғанын жеткізді.
Әлеуметтік жұмыскерлерге арналған білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру мәселесіне қатысты А.Қуатова аудиторияның нақты қажеттіліктерін саралап, білім беру мазмұнын жетілдіру бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Оның пікірінше, қазіргі білім беру жүйесі тек теориямен шектелмей, практикалық дағдыларды дамытуға басымдық беруі тиіс.
Жиын соңында қатысушылар әлеуметтік жұмыс саласындағы кадр даярлау жүйесін жетілдіру бойынша өзара пікір алмасып, нақты ұсыныстар әзірледі. Білім беру мен еңбек нарығы арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз ету, әлеуметтік сала мамандарының кәсіби деңгейін арттыру және мемлекеттік сұранысқа сай тиімді модель қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Аталған іс-шара білім беру, ғылым және әлеуметтік саланың өзара ықпалдастығын нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Университет базасында өткен мұндай кеңейтілген мәжілістер кәсіби қауымдастықтың бірлескен шешім қабылдау мәдениетін қалыптастырып, әлеуметтік жұмыс саласының жаңа даму кезеңіне жол ашатыны сөзсіз.
