
ЕҰУ ғалымдарының еңбектері халықаралық көрмеде















2026 жылғы 22–26 сәуір аралығында Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ғылыми кітапханасы «Astana Eurasian Book Fair - 2026» IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатысты.
Көрме аясында университет ғалымдарының оқулықтары, монографиялары және оқу-әдістемелік еңбектері кеңінен таныстырылды. Атап айтқанда, Ерлан Сыдықовтың «Все начинается с ЕНУ», Тұрсын Жұртбайдың «Толық адам», Сауытбек Абдрахмановтың «Елдік ерлігі» және басқа да ғылыми-зерттеу жұмыстары көрме қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, ЕҰУ ғалымдарының «Тәуелсіздік. Тарих. Тұлға» жобасы аясында жарық көрген ғылыми-танымдық кітаптарының таныстырылымы өтті.
Көрме барысында Ғылыми кітапхана қорына қонақтар тарапынан бірқатар құнды басылымдар сыйға тартылды. Олардың қатарында С.Абдрахмановтың «Алып Абай», Ш. Қазығұлдың «Әулет», Е. Салкеннің «Экспат KZ», Д.Беркімбаевтың «Мен кіммін?», «Әрекетке берекет», «Нар тәуекел» атты кітаптары бар.
Аталған халықаралық көрме-жәрмеңке ғылым мен білімді дәріптеуге, рухани құндылықтарды насихаттауға және академиялық қауымдастықтың зияткерлік әлеуетін кеңінен танытуға зор мүмкіндік берді.
