
ЕҰУ-да шетелдік профессорларға Гумилев атындағы медальдар табысталды













Академик Р. Нұрғали атындағы атаулы аудиторияда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығын мерекелеу аясында, орыс филологиясы кафедрасының (кафедра меңгерушісі Қадиша Нұрғали) ұйымдастыруымен, филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенқазының, шетел филологиясы, аударма теориясы мен практикасы кафедраларының профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларының қатысуымен серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері - СФУ профессоры, Вероника Разумовскаяға және Гранада университетінің (Испания) профессоры Энрике Федерико Керо-Хервильяға Л.Н. Гумилев медалін табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты рәсімді ғылым, коммерцияландыру жөніндегі проректор Абзал Талтенов жүргізді. Өз сөзінде А.Талтенов шетелдік мамандардың ғылыми білікті кадрларды даярлауға қосқан үлесін атап өтті. Атап айтқанда, олар бірінші курс докторанттарына «Академиялық жазылым» және «Ғылыми зерттеу әдістері» пәндері бойынша дәрістер оқып, философия докторы (PhD) дәрежесіне үміткерлерді даярлауға шетелдік ғылыми кеңесші ретінде қатысып, диссертацияларды қорғау үдерісіне және VIII республикалық олимпиаданың қазылар алқасы құрамында жұмысқа атсалысты. Сонымен қатар, отандық және шетелдік ғалымдар арасындағы академиялық тәжірибе алмасудың маңыздылығы атап өтіліп, алдағы уақытта өзара тиімді ынтымақтастықтың жалғасуына сенім білдірілді.
Ресей Федерациясы тарапынан онлайн трансляцияға Сібір федералдық университетінің өкілдері қатысты. В. Разумовская 2020 жылдан бастап ЕҰУ мен СФУ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасалған сәттен бергі әріптестіктің маңызды нәтижелерін атап өтті.
Профессор Разумовскаяның ғылыми бағыттарына аударма теориясы, этноаударматану, аударма және шетел тілдерін оқыту әдістемесі мен дидактикасы, орыс әдебиеті (аударма тұрғысынан); тіл теориясы, салғастырмалы тіл білімі, фоносемантика, мәдениетаралық коммуникация; мәдениеттану, Сібірдің байырғы және аз санды халықтарының тілдері жатады. Ол «Тіл зерттеулері және қазіргі гуманитарлық білім» (А.И. Герцен атындағы РМПУ, Санкт-Петербург), «Солтүстік архивтер және экспедициялар», «Сібір антропологиялық журналы», «Жасанды интеллект социологиясы», «Цифрландыру» (бас редактордың орынбасары) ғылыми журналдарының редакциялық алқаларының мүшесі. SCOPUS және WoS базаларында жарияланған еңбектерін қоса алғанда, 350-ден астам ғылыми жарияланымның авторы.
Жауап сөзінде профессор Энрике Федерико Керо-Хервилья Қазақстандағы докторанттардың академиялық даярлығының жоғары деңгейін және докторантура институтының болашағы зор екенін атап өтті.
Энрике Ф. Керо-Хервилья Испаниядағы Гранада университетінің славян филологиясы кафедрасында орыс тілі, орыс тілінен испан тіліне жалпы және ғылыми аударма пәндері бойынша оқытушы болып қызмет атқарады. Оның ғылыми қызығушылықтары орыс және испан тілдерінің салғастырмалы грамматикасын, орыс тілін, аударматануды, орыс тілінің тілдік дүниетанымын мәдениетаралық тұрғыдан қарастыруды, испантілді аудиторияға орыс тілін оқыту әдістемесін және саяси дискурсты талдауды қамтиды.
Энрике Керо 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы немесе тең авторы, оның ішінде 7 монография, 70 ғылыми мақала және 50-ге жуық басқа да ғылыми жарияланымдар бар. 2008 жылы «Әлемнің мейірімді адамдары» қорының орденімен, 2020 жылы Ф.М. Достоевский медалімен және басқа да марапаттармен наградталған. Сонымен қатар, Гранада университетінің оқытушылық шеберлігі үшін берілетін сыйлығының лауреаты.
Профессор Энрике 20 жыл бойы Гранада университетінде жарық көретін “Mundo Eslavo // Славян әлемі” ғылыми журналының бас редакторы қызметін атқарған. 2016–2025 жылдары ауызша және жазбаша аударма факультетінің деканы болды. 2001 жылдан бері Андалусия провинциялық үкіметінің қаржылық қолдауымен «Славян филологиясы саласындағы зерттеулер» ғылыми-зерттеу тобына жетекшілік етеді. 2015 жылдан бастап Испаниядағы орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларының кәсіби қауымдастығының (AEPRU) президенті және Гранада университетінің Славян мәдениеттері орталығының директоры. 2021 жылдан бастап CIUTI (Conférence internationale permanente d'instituts universitaires de traducteurs et interprètes) ұйымының президиум мүшесі әрі қазынашысы болып табылады.
Медаль иегерлері ЕҰУ-дің Қазақстан, Ресей және Испания арасындағы халықаралық ынтымақтастық алаңы ретіндегі рөлін атап өтті.
Шақырылған профессорлардың дәрістерін тыңдаған докторанттар атынан академиялық ағылшын тілінің деңгейін арттыру, заманауи ғылыми зерттеу әдістерін меңгеру және оларды өз ғылыми бағыттарында қолдану, жоғары рейтингті журналдарға мақала жазу дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ шетелде академиялық кадрларды даярлау тәжірибесімен танысу барысында алған құнды тәжірибе үшін алғыс білдірілді.
Салтанатты бөлімнің жалғасында ғылыми семинар өтіп, онда профессор Энрике Федерико Керо-Хервилья «Достоевский шығармаларында көрініс тапқан орыс дүниетанымының ерекшелігі: аударматанулық талдау» тақырыбында баяндама жасады. Қызықты пікірталас өтті.
