
Тоқтар Әубәкіровпен тағылымды кездесу



















Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, «Халық қаһарманы» атағының иегері Тоқтар Әубәкіровпен кездесу өтті.
Кездесу барысында студенттермен, оқытушылармен және академиялық қауымдастық өкілдерімен жүздескен ғарышкер өзінің кәсіби жолы мен ғылыми-зерттеу қызметі туралы айтып, жас ұрпаққа ақыл-кеңесін жеткізді.
Көрнекті сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров әскери авиациядағы бірегей тәжірибе – МиГ-29 жойғыш ұшағын әуе кемесін тасымалдаушы крейсердің трамплинінен көтеріп, палубаға сәтті қондыруға қатысқаны туралы естеліктерімен бөлісті. Осы жетістігі үшін ол Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.
«Қатты шамадан тыс жүктемелер кезінде жүрек-қантамыр жүйесі миға жеткілікті қан жеткізіп үлгермейді, бұл қысқа уақытқа есінен тануға әкелуі мүмкін. Мысалы, ұшақтан катапультталған кезде адам ағзасына түсетін жүктеме 17 G-ге дейін жетеді. Осындай сынақтардан кейін үйге оралғанда, туыстарым жылайтын – бүкіл денем капиллярлардың жарылуынан көгеріп кететін», - деді Халық қаһарманы.
Сондай-ақ Тоқтар Әубәкіров қазіргі қазақстандық қоғамдағы моральдық-адамгершілік құндылықтарға тоқталды.
«Біз, қазақтар, әлі өзгерген жоқпыз: әлі күнге дейін бір-бірімізді сынап, сыртынан ғайбат сөз айтамыз. Жастар, өмір жолдарыңды адал әрі абыроймен өткізiңдер. Бір-біріңді жамандау, қаралау дұрыс емес. Біз бір-бірімізді қолдап, бірімізге біріміз тірек болуымыз керек – сонда ғана болашағымыз жарқын болады. Адал болыңдар, ешкімге жамандық тілемеңдер – нағыз батылдық осы», - деді ғарышкер студенттерге.
Бұл кеште Тоқтар Әубәкіровпен таныстығы мен достығы туралы оның замандастары: белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Серік Тұрғынбекұлы, Мәди Артығалиев, Марат Нәбиев, сондай-ақ «Тбилиси» әуе кемесінің тізгіншісі, оның әріптесі Ғалымжан Әбілшенов және басқалар естеліктерімен бөлісті.
Филология факультетінің студенттері тұңғыш қазақстандық ғарышкерге арнап жазған эсселері мен өлеңдерін оқыды. Кездесу соңында олар өз шығармаларын құрметті қонаққа табыс етті.
Қазақ ұлттық музыкасының дарынды орындаушылары: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жаңғали Жүзбаев, әншілер Сырым Мұхамметжанов мен Медғат Манапов орындаған музыкалық нөмірлер кешке ерекше әсер сыйлады.
Кездесу соңында Тоқтар Әубәкіров университет ұжымына жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, студенттер мен оқытушыларға амандық пен табыс тіледі.
