
Зияткер ойындар: куиз және тіл

2026 жылы 28 сәуірде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде практикалық қазақ тілі кафедрасы мен ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Зияткер ойындар: куиз және тіл» атты кездесу өтті. Шараның басты қонақтары - қазақ тіліндегі тұңғыш интеллектуалдық «TezTap» куизінің шығармашылық тобы: негізін қалаушы Дана Қамзабек, сұрақтар авторы Аманат Әзілхан, SMM ұйымдастырушы Рауза Асылбекова және жүргізуші Мағжан Ендібай. Кездесу онлайн және офлайн форматта өтті.
Басқосуға ЕҰУ тарапынан ғылыми кітапхана ұжымы, филология факультеті практикалық қазақ тілі кафедрасының ұжымы мен меңгерушісі Қ.С.Құлманов, аталған кафедраның мәдени шаралар жетекшісі Ә.Т.Қожаева, Әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің Студенттік бастамалар бөлімінің бас маманы А.С.Әбілхасен, тілші-ғалымдар, «Қазақстан Студенттері Альянсы – филология факультеті Қошке Кемеңгерұлы жастары», «Цифрлық ғылымдар мен жасанды интеллект институтының Студенттері Альянсы» және шетелдік студенттер, экономика, сәулет, филология факультеттерінің білім алушылары мен Foundation тыңдаушылары қатысты.
Зал келген қонақтармен өзін қызықтырған тақырыптар айналасында диалог жүргізді. TezTap командасының әр мүшесі қызметіне қарай сауалдарға жауап беріп отырды. Сұқбат барысында куиздің ойын үлгісінен үзінділер көрсетіліп аудитория ықыласына бөленді.
Кездесуді ұйымдастырушылар филология факультетінің доценттері ф.ғ.к. Гүлбайра Өтелбай мен Алтынай Әшенова және ғылыми кітапхананың бас маманы Нұрсұлу Баядилова шарада белсенділік танытқан білім алушыларға алғыс білдіреді: «Қазақстан Студенттері Альянсы – филология факультеті Қошке Кемеңгерұлы жастары» Диас Айдаралы, Жанат Ғибратқызы, Ақбөкен Амандық (ҚФ-21), Зарина Болат (ИФ-14), Айгерім Төлеген (РЯЛ-12), Айсәуле Абеджан (сәулет-дизайн-12), «Цифрлық ғылымдар мен жасанды интеллект институтының Студенттері Альянсынан» Әлібек Қойланов және Бақыт Рысбек.
