
«Шығыс көктемі» және «International Day»: ЕҰУ-да халықаралық мәдениеттер тоғысты

1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Халықаралық ынтымақтастық департементі мен халықаралық қатынастар факультетінің ұйымдастыруымен «Шығыс көктемі» фестивалі және «International Day» мерекелік шарасы өтті.
Халықаралық мәдениеттер тоғысқан шараға Әзірбайжан Республикасы, Иран Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Түркия Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Палестина мемлекеті, Ауғанстан Ислам Республикасы, Қырғыз Республикасы елшіліктері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қырғыз, тәжік және өзбек этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Амфитеатрда ұйымдастырылған «Шығыс көктемі» мен «International Day» шарасына келушілер Шығыс халықтарының музыкалық шығармалары мен әртүрлі тілде орындалған әндерін тыңдап, құлақ құрыштарын қандырды. Сонымен қатар көрмені – түркітілдес және иран тілдес халықтардың ұлттық қолөнерін тамашалады.
Жасыратыны жоқ, Шығыс елдерінің мәдениетінен хабар беретін арнайы көрме көпшіліктің көңілінен шықты. Өйткені осы күні ЕҰУ-ға келгендер өздерін бір сәт шығыс әлеміне енгендей сезінді. Шығыстың сазды әуені, шығыс халқының ұлттық киімдерін киген оқытушылар мен студенттер шын мәнінде осындай ауан орната білді.
Салтанатты шараны ашқан Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықовтың танымды да тағылымды құттықтау сөздері жиналған жұртқа қуат берді.
«Бүгін біз тарихы терең, тағылымы мол, болашағы кемел білім ордасы – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойына арналған ерекше іс-шарада бас қосып отырмыз.Бұл жай ғана мереке емес, бұл – білім мен ғылымның, мәдениет пен руханияттың, достық пен бірліктің салтанат құрған сәті. Бүгінгі күні университетімізде 28 мемлекеттен үш мыңдай шетелдік студент оқиды Бұл университет – тек білім ордасы ғана емес, ол – сан түрлі ұлт пен мәдениетті тоғыстырған үлкен, тату шаңырақ.», - деді ректор
Шығыс елдерінің мәдениеті және салт-дәстүрімен етене танысқан меймандар ерекше дайындалған концерттік бағдарламаның куәсі болды.Сүгірдің күйі және «Дала сазы» оркестрі мүшелерінің орындауындағы қазақтың «Қара жорға» биінен басталған концерттік бағдарлама барысында қытай мен араб тілдерінде ән айтып, би билеген жастар жұртшылықты өз өнерлерімен тәнті етсе, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері «Шығыс көктемі» мерекесінің құрметті қонағы ретінде өз лебіздерін білдіріп, мерекелік шараның студенттерге берер тәлімі мен тағылымы туралы әңгімеледі.
Сонымен қатар олар Орта Азия елдерінен шыққан, араб-мұсылман елдерінің ғылымы мен білімін дамытуға үлес қосқан әл-Фараби, Сұлтан аз-Захир Бейбарыс, Қайтбай, Мұхаммад Каляун сынды ғұламалардың сіңірген еңбектерінің маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында бір топ білім алушылар шетелдік студенттерге арналған іс-шараларды ұйымдастырудағы белсенділігі, жоғары жауапкершілігі және университеттің қоғамдық өміріне қосқан үлесі үшін марапатталды. Марапатты студенттерге ЕҰУ стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов пен омбудсмен Нэля Шапекова тапсырды.
«Шығыс көктемі» мерекесіне қатысқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректорлары мен факультет декандары, институт, мектеп директорлары шара барысында елшілік, этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесіп, білім, ғылым және болашақта атқарылатын жұмыстары туралы әңгімеледі.
