
ЕҰУ-да жаңа зертхана ашылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқу орнының 30 жылдығына арналған «Жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар, бұйымдар мен конструкциялар» зертханасының ашылу рәсімі өтті. Іс-шара Сәулет-құрылыс факультеті орналасқан ғимараттың 4-кабинетінде ұйымдастырылды.
Жаңа зертхананың ашылу салтанатына ЕҰУ ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректор м.а. Абзал Талтенов, факультет декандары, институт, мектеп директорлары, және профессор-оқытушылар мен білім алушылар қатысты.
Зертхана сәулет және құрылыс саласындағы болашақ ғалымдар мен мамандарды ынталандыру мақсатында құрылған. Жоба BI Group холдингінің қолдауымен жүзеге асып, Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығына арналған.
«Бұл зертхананың ашылуы – университетіміз үшін ғана емес, жалпы құрылыс саласының дамуы үшін маңызды қадам. Заманауи құрал-жабдықтар білім алушыларға теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, ал ғалымдарға қолданбалы зерттеулер жүргізуге кең мүмкіндік береді. Ең бастысы – бұл алаң болашақ мамандардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіріп, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтады», - деп атап өтті ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректор м.а. Абзал Талтенов.
Жаңа зертхана құрылыс материалдары мен конструкцияларының жылуфизикалық және акустикалық қасиеттерін зерттеуге арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, мұнда «Экофизика-110А» кешені, УМ-10 соққы машинасы, ИТП-МГ4.03/Х(II) «Поток», МИТ-1 құрылғысы және зертханалық араластырғыш орнатылған. Бұл жабдықтар діріл мен шу деңгейін өлшеуге, материалдардың жылуөткізгіштігін анықтауға, сондай-ақ ғимараттардың энергия тиімділігі мен акустикалық қорғанысын бағалауға мүмкіндік береді.
«Бұл зертхананың ашылуы – факультетіміздің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыру жолындағы елеулі бастама. Заманауи құрал-жабдықтар ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру, жылуфизикалық және акустикалық сипаттамаларын терең зерттеу бағытында нақты ғылыми нәтижелер алуға мүмкіндік береді», - деді Сәулет-құрылыс факультетінің деканы Ерлан Сәбитов.
Зерттеулер Сәулет-құрылыс факультетінің ғалымы, техника ғылымдарының кандидаты, PhD Серікболат Есенғабыловтың жетекшілігімен жүргізіледі. Ғылыми жұмыстар құрылыс саласында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруға бағытталған.Жетекші ғалым келген қонақтарға жаңа құрылғылар мен жабдықтарды таныстырып өтті.
«Экофизика-110А» кешені – ғимараттардың техникалық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруге арналған діріл мен шуды өлшейтін құрал. Дірілдің ең жоғары жылдамдығын, діріл үдеуін, діріл жылдамдығын және шу деңгейлерін қолданыстағы нормативтерге сәйкес өлшеуге мүмкіндік береді. Мәліметтерді талдау және өңдеу үшін бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған. Ал УМ-10 соққы машинасы жабындардың соққы шуына төзімділігін сынау үшін өлшеу жабдықтарымен және компьютермен бірге қолданылады. Бұл бөлмелердің акустикалық қорғанысын бағалау және жобалық шешімдерді оңтайландыру үшін деректер алуға арналған. Зертханалық араластырғышқа келсек, зерттеулерге арналған үлгілерді дайындау үшін пайдаланылады. Құрылыс және жылуоқшаулағыш материалдардың үлгілерін дайындауда зертханалық кешен құрамында қолданылады», – деп түсіндірді зертхана жетекшісі, PhD Серікболат Есенғабылов.
Зертхана қызметі білім беру, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, құрылыс физикасы, жылуоқшаулау және акустика салаларында білікті кадрлар даярлауға жол ашады. Сонымен қатар, нақты уақыт режимінде деректерді жинау мен өңдеу мүмкіндігі зерттеу нәтижелерінің дәлдігін арттырады.
Шара соңында Сәулет-құрылыс факультетінің деканы Ерлан Сәбитов ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректор м.а. Абзал Талтенов пен әріптестеріне факультеттің материалдық-техникалық базасын таныстырды.
