
6В02203 – «Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII Республикалық пәндік олимпиада

Жоғары оқу орындары студенттері арасында 6В02203 – «Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII Республикалық пәндік олимпиада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен өтті.
Аталмыш шара - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығына арналды.
Айта кетсек, 2025 жылы Торайғыров университетінде өткен XVII Республикалық студенттік пәндік олимпиадада Қазақстан тарихы кафедрасында жасақталған «Күлтегін» командасы І орын алуына сәйкес 2026 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында студенттердің XVIII республикалық пәндік олимпиадасын өткізу құқығына ие болды. Пәндік олимпиаданың ашылу салтанатында сөз алған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма мүшесі-Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Қашхынбай Байжұман Балтабайұлы қатысушыларға сәттілік тіледі. Тарих факультетінің деканы Ө.Ж. Бекмағанбетов студент-жастардың шынайы білімді көрсетулеріне тілектестігін білдірді. Аталған олимпиадаға Қазақстанның он төрт ЖОО-нан студенттер қатысты. Еліміздің әр өңірінен келген қатысушы командалар білімдері мен шығармашылық қабілеттерін жан-жақты көрсетті.
Команданы таныстыру, оның ұраны, логотипі, университет пен факультеттің жетістіктерін айқындайтын тур - сәлемдесу деп аталса, үй тапсырмасына арналған екінші турда - командалар «Ұлт тарихын зерделеудегі тарихи мұра және тұлғатану» тақырыбында ғылыми жоба қорғады. Тақырыбына сәйкес презентацияларын ұсынды. Сонымен қатар, тұлғалар өмірі мен қызметіне, шығармашылық еңбегіне жан-жақты тоқталды. Үшінші тур – капитандар байқауында команда көшбасшыларының білім деңгейлері сарапталды.
Сайысты бағалауда кафедра профессорлары – тарих ғылымдарының докторлары М.А. Алпысбес, З.О. Дукенбаева, Г.Т. Мусабалина қазылар алқасы құрамында жұмыс жасады. Комиссия төрағасы міндетін атқаруға С.Сейфуллин атындағы агрогтехникалық зерттеу университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қ.Ж. Нұрбай шақырылды.
Қорытындысында жүлделі І Дәрежелі дипломмен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен келген «Фараби» командасы; ІІ Дәрежелі дипломмен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Күлтегін» және Торайғыров университетінен «Ertis generation» командалары; ІІІ Дәрежелі дипломмен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Жұбановшылар», Alikhan Bokeikhan Universityнің «Алаш қырандары» және Астана Халықаралық университетінің «Есіл» командалары марапатталды.

Жалпы, барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен сертификаттар, бағалы сыйлықтар табысталды.
Кафедра меңгерушісі Сейтказина Құралай Отаубаевна қатысушыларды жеңістерімен құттықтады.
