
Шығыс көктемі: мәдениеттер үндестігі
2026 жылғы 29 сәуір күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті-де Халықаралық қатынастар факультетінің ұйымдастыруымен «Шығыс көктемі» мәдени іс-шарасы өтті. Шара университеттің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып, мәдениетаралық байланысты нығайтуға бағытталды.
Салтанатты кешті университет Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов құттықтау сөзбен ашты. Сондай-ақ университет басшылығы атынан стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов пен омбудсмен Нэля Шапекова ізгі тілектерін білдірді. Шараның құрметті қонақтары қатарында Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісінің міндетін атқарушы Маджид Алигяр және Конфуций институтының бас директоры Ян Лей болды.
Амфитеатрда өткен «Шығыс көктемі» мен «International Day» аясында қонақтар шығыс халықтарының музыкалық шығармаларын тыңдап, түрлі тілдерде орындалған әндер мен өнер көрсетілімдерін тамашалады. Сонымен қатар, Шығыстану кафедрасының әр тілдегі клуб мүшелері Шығыс халықтарының ұлттық қолөнер көрмесін ұйымдастырып, келушілерге ерекше әсер сыйлады. Шығыстану кафедрасы атынан қатысқан студенттер сахналық қойылымдар мен шығармашылық нөмірлер арқылы Шығыс елдерінің бай мәдени мұрасын кеңінен таныстырды.
