
ЕҰУ түлектеріне міндетті жұмысқа орналастыру ережелері туралы ақпарат берілді

Университетте мемлекеттік білім беру гранты негізінде білім алып жатқан 2026 жылғы бітіруші курс білім алушыларына арналған «Жас мамандардың жұмыспен өтеу міндеті» тақырыбында ақпараттық кездесу өткізілді.
Кездесуді Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Байжуман Қашхынбай ашып, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған түлектер үшін заңнамада көзделген міндетті жұмыспен өтеу талаптарының маңыздылығын атап өтті.
Кездесуге «Қаржы орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Надирбеков және аталған ұйымның өкілі Ақзира Серікқалиқызы қатысып, өз құзыреттері аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесудің негізгі спикері – «Қаржы орталығы» АҚ өкілі Ақзира Серікқалиқызы. Спикер өз баяндамасында жұмыспен өтеу тәртібі, мониторинг жүргізу тетіктері, хабарландыру рәсімдері, сондай-ақ міндеттен босату немесе кейінге қалдыру негіздері туралы жан-жақты түсіндірме берді. Сонымен қатар, 2026 жылдың ақпан айынан бастап жұмыспен өтеу мәселелеріне қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістердің күшіне енгені туралы ақпарат берілді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы №403 бұйрығымен маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасы азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе міндетін тоқтату қағидалары бекітілген.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабы 17-тармағына сәйкес, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған азаматтар үшін бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша екі немесе үш жылдық, не оқыту мерзіміне мөлшерлес жұмыспен өтеу міндеті белгіленген.
Мониторинг жүргізуге жататын санаттарға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған түлектер, ауылдық квота аясында оқығандар, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» (Серпін) жобасының қатысушылары, сондай-ақ педагогикалық, медициналық, ветеринариялық, ауыл шаруашылығы мамандықтарының бітірушілері, философия докторлары (PhD) және бейін бойынша докторлар кіреді.
PhD докторлары мемлекеттік органдарда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, ғылыми бөлімшелерде, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінде», жоғары колледждерде, денсаулық сақтау ұйымдарында және резидентура базаларында жұмыспен өтейді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша өзге мамандықтар түлектері меншік нысанына қарамастан ұйымдарда жұмыспен өтеу міндетін орындайды.
Сонымен қатар, оқудан ақылы негізден мемлекеттік білім беру тапсырысына немесе керісінше ауысқан, не оқудан шығарылып кейін қайта қабылданған жағдайда жұмыспен өтеу мерзімі нақты оқыған уақытына мөлшерлес есептелетіні түсіндірілді.
Түлектерге жұмыспен өтеу мәселелері бойынша 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарламалар жіберілетіні, сондай-ақ EGOV порталы арқылы PUSH-хабарламалар жолданатыны айтылды. Хабарламаға 15 минут ішінде жауап беру қажеттігі ескертілді.
Комиссия шешімі негізінде белгілі бір санаттағы азаматтарға жұмыспен өтеу міндетінен босату немесе кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Олардың қатарында жұбайының тұрғылықты жерінде бос жұмыс орны болмаған тұлғалар, магистратураға, резидентураға немесе докторантураға түскендер, І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, әскери қызмет өткергендер, жүкті әйелдер және үш жасқа дейінгі баласы бар тұлғалар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршылар, сондай-ақ І топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын жәрдемақы алушылар бар. Шетелдік білім беру ұйымдарында оқуын жалғастырған азаматтарға оқу кезеңінде жұмыспен өтеу бойынша кейінге қалдыру беріледі.
Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті түсіндірмелер алды.
