
ЕҰУ-да Отан қорғаушылар күні атап өтілді
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мазмұнды әрі ерекше форматтағы салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер, сала мамандары мен ардагерлер қатысып, рухы биік кештің куәсі болды.
Салтанатты кештің тізгінін Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің студенттері, көркемсөз оқу шеберлері Айым Әбдірашит пен Мархабат Құлахметова ұстады.
Жүргізушілер университет тарихына да тоқталып, биыл оқу ордасының құрылғанына 30 жыл толғанын ерекше атап өтті. Бұл белес – тек уақыт өлшемі ғана емес, елорда төрінде қалыптасқан білім мен ғылымның, ізденіс пен жетістіктің жарқын көрінісі екені әсерлі сөздермен жеткізілді. Мерекенің маңыздылығы ән мен би арқылы да көрініс тауып, кешке келген көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Кеш барысында алғаш болып сахнаға филология факультетінің 1 курс студенті, «Топжарған» ақындар клубының мүшесі Айғаным Балғабаева арнау өлеңмен шығып, отыз жылдық тарихы бар ЕҰУ мен ер-азаматтардың мәртебесін асқақтатты. Одан кейін «Самұрық» би мектебінің бишілері ұлттық рух пен еркіндікті үйлестірген әсерлі би қойылымын ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік бағдарлама аясында Мәдениет саласының үздігі, «Астана Опера» театрының әртісі Салтанат Бекмағанбетова өнер көрсетіп, қос бірдей ән орындады. Оның әсем үні залға ерекше атмосфера сыйлап, кештің сәнін келтірді. Сонымен қатар, университеттің дарынды студенттері де әннен шашу шашып, өз өнерлерін паш етті.
Кештің келесі бөлімінде көрермендер «Таныс бейне» ойынына қатысып, зеректік пен тапқырлықтарын сынады. ЕҰУ Әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Жамбыл Тілеп ұйымдастырған интерактивті форматтағы бұл бөлім көпшіліктің қызығушылығын оятты.
Шара соңында сахна төріне ерекше даусымен, өн бойна өнер дарыған университеттің «E-Studio» шығармашылық ұжымы патриоттық және заманауи стильдегі эстрадалық әндер орындап, кешке жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады: залда отырғандардың бірі қалмай ортаға шығып, рахаттана би биледі.Бір сағатқа созылған мерекелік бағдарлама ел қорғаны болған ер-азаматтарға арналды.
