
Тұрақты даму мен туризмді цифрландыру ЕҰУ-дегі конференцияның басты тақырыптарына айналды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде университеттің 30 жылдығы аясында «Еуразиядағы туризмнің академиялық жетістіктері мен тұрақты болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шара Қазақстан, Түркия, Испания, Өзбекстан, Пәкістан және Ресей Федерациясынан келген ғалымдарды, оқытушыларды, докторанттарды, магистранттарды және туризм индустриясының өкілдерін біріктірді.
Құттықтау сөзбен Ғылым департаментінің директоры Закирова Алма сөз сөйлеп, цифрлық трансформация мен тұрақты даму жағдайында ғылым, білім және индустрия интеграциясының маңыздылығын атап өтті.
Пленарлық отырысқа келесі шетелдік сарапшылар қатысты: Гранада университетінің (Испания) профессоры Энрике Федерико Керо Гервилла; Анадолы университетінің (Түркия) профессоры Семра Гюнай; Пенджаб университетінің (Пәкістан) PhD, қауымдастырылған профессоры Раб Наваз Лоди; Ресей халықтар достығы университетінің (РУДН) өкілдері Елизавета Владимировна Колотова мен Римма Ахмедова; Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің өкілі Степанова Диана; Ташкент мемлекеттік экономикалық университетінің экономика ғылымдарының докторы, профессоры Карлибаева Рая.
Конференцияның секциялық жұмысына сондай-ақ Оңтүстік федералдық университетінің (Ресей) өкілдері Роман Сухов пен Ксения Кушнир қатысып, тұрақты туризм тәжірибелері мен туристік өнімдерді әзірлеудегі пәнаралық тәсілдер бойынша баяндамалар ұсынды.
Конференция аясында туризм саласын дамытудың негізгі бағыттары, оның ішінде туризмнің цифрлық трансформациясы, тұрақты дамудың үздік тәжірибелері, ғылымның, білімнің және кадрлық әлеуеттің рөлі талқыланды.
Инновациялық технологияларды енгізу, дуалды білім беруді дамыту және туристік қызметте пәнаралық тәсілдерді қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар цифрлық шешімдерді белсенді енгізу, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып білім беру бағдарламаларын жетілдіру қажеттігін атап өткен резолюция қабылдады.
Конференция халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және ЕҰУ-дың Еуразия кеңістігіндегі туризмді дамыту орталығы ретіндегі маңызды рөлін тағы бір мәрте растады.
