
ЕҰУ-да ғылым мен білім берудегі AI және машиналық оқытудың болашағы талқыланды

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 30 жылдық мерейтойы аясында «AI & ML in Academic Ecosystems» атты халықаралық ғылыми семинар өткізді. Іс-шара жасанды интеллект пен машиналық оқытуды академиялық ортада дамытуға қызығушылық танытқан шетелдік ғалымдарды, оқытушыларды, зерттеушілерді, магистранттар мен студенттерді біріктірді.
Семинардың ашылуында механика-математика факультетінің деканы Данияр Қозыбаев жасанды интеллект технологиялары қазіргі ғылым мен білім беру жүйесін трансформациялаудың маңызды құралына айналып отырғанын атап өтті. Ғылыми жұмыс жөніндегі декан орынбасары Сәуле Бургумбаева цифрлық шешімдердің ғылыми-зерттеу және білім беру үдерістерін дамытудағы маңыздылығына тоқталды. Семинардың мақсаты мен бағдарламасын математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының меңгерушісі, PhD Диляра Ракишева таныстырды.
Іс-шара барысында Қазақстан, Польша және Ресейдің жетекші мамандары ғылыми баяндамалар жасады. Cracow University of Technology (Польша) профессоры Владимир Митюшев «Analytical RVE theory of dispersed structures and its application» атты зерттеуін ұсынып, дисперстік құрылымдарды аналитикалық модельдеу әдістері туралы баяндады.
Мәскеудегі Білімді ақпараттандыру академиясының президенті, профессор Александр Русаков жасанды интеллектті дамыту аясында математика ғылымы мен білімнің қазіргі жағдайы туралы баяндама жасады.
Өз зерттеулерін профессор, Теориялық математика және ғылыми есептеулер институтының директоры Нұрлан Темірғалиев және PhD, теориялық математика және ғылыми есептеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Ақсауле Жұбанышева ұсынды.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын студенттер мен жас ғалымдардың интеллектуалды жүйелер мен деректерді өңдеуге арналған жобалары тудырды. Олардың қатарында жасанды интеллект негізіндегі деректерді өңдеудің интеллектуалды жүйесінің архитектурасын модельдеу, «Serik.AI» қабылдау комиссиясын автоматтандыру платформасы, «OKU AI» бейімделген оқыту платформасы және домбыра әуендерін музыкалық транскрипциялауға арналған «DOMBRA MUSIC AI» жобасы бар.
Семинар ашық ғылыми диалог пен тәжірибе алмасу алаңына айналды. Қатысушылар ұсынылған зерттеулердің жоғары деңгейін және AI мен ML технологияларын іргелі ғылымда, қолданбалы зерттеулерде және білім беру саласында қолданудың өзектілігін атап өтті.
Кездесу қорытындысында тараптар халықаралық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ғылыми бастамаларды жүзеге асыру және жасанды интеллект саласындағы пәнаралық жобаларды кеңейту перспективаларын талқылады.
