
ЕҰУ-да Жастар орталығының жаңа төрағасы сайланды

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2026–2027 оқу жылына арналған Жастар орталығының төрағасын сайлау өтті. Нәтижесінде 263 дауыс жинаған сәулет-құрылыс факультетінің студенті Ертай Құмарбек төраға болып сайланды.
Жастар орталығы төрағасына 10 адам өтінім берді. Олардың ішінде 3 кезеңнен сүрінбей өткен 3 үміткерлеріміз сайлауға түсіп, мынандай дауыс жинады.
Ертай Құмарбекпен заң факультетінің студенті Нияз Қайыржан бәсекеге түсті, ол 203 дауыс жинады. Ал Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің студенті Медина Задий 152 дауысқа ие болды.
Финалға шыққан әрбір қатысушы жоғары дайындық деңгейін, белсенді азаматтық ұстанымын және университеттің студенттік ортасын дамытуға үлес қосуға деген ұмтылысын көрсетті.
Сайлау науқаны университеттің жастар саясатын тиімді жүзеге асыру, студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту және білім алушылардың қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Сайлау студенттердің көшбасшылық қасиеттерін, бастамашылдығын және азаматтық жауапкершілігін танытуға арналған маңызды алаңға айналды. Бүгінде жастар қоғамның интеллектуалдық және инновациялық әлеуетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан олардың идеяларын қолдау және қоғамдық өмірге тарту университет қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Сайлау үдерісі бекітілген Ереже негізінде өтіп, ашықтық, әділдік және академиялық адалдық қағидаттарына сүйенді. Науқан барысында кандидаттар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ұсынып, бастамалары мен студенттік қауымдастықты одан әрі дамытуға қатысты көзқарастарын таныстырды.
