
«ENU Kids – Art space» арт-терапиясы өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Инклюзивті қолдау орталығы мен Психологиялық қолдау орталығы ұйымдастырған «ENU Kids – Art space» іс-шарасы өтті. Жобаға ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған университет қызметкерлері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – ата-аналар мен балалар арасындағы эмоционалдық байланысты нығайту, психологиялық қолдау атмосферасын қалыптастыру және шығармашылық арқылы отбасылық құндылықтарды дәріптеу болды.
Іс-шараның ашылуында Инклюзивті қолдау орталығының жетекші-супервизоры Ерхан Ордабай ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін жайлы әрі қолдаушы орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Бағдарлама аясында Психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Самал Тоғым қатысушылар арасында сенімді әрі достық атмосфера орнатуға бағытталған психологиялық жаттығулар өткізді.
Іс-шараның ерекше бөлігінің бірі Астана қаласы әкімдігінің №1 «Бәйтерек» балабақшасының бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Ақмарал Сақтағанованың жетекшілігімен өткен арт-терапиялық шеберлік сабағы болды. Ата-аналар мен балалар сурет салу арқылы өз эмоцияларын білдіріп, шығармашылықпен бірге айналысты. Мұндай өзара әрекеттесу қатысушылар арасындағы түсіністік пен сенімді нығайтып, жылы эмоционалдық ахуал қалыптастыруға ықпал етті.
Кездесу соңында әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ляззат Төлегенқызы қызметкерлерге алғыс хаттар, ал балаларға 10 мың теңгелік сертификаттар табыстады.
Ұйымдастырушылар «Социум Пит» ЖШС директоры Жұлдыз Таңатарға және «Баян» балалар дүкенінің негізін қалаушы кәсіпкер Айгүл Түлеуоваға іс-шараға көрсеткен демеушілік қолдауы үшін алғыс білдірді.
«ENU Kids - Art space» жобасы отбасылық жылы қарым-қатынасты нығайтуға, шығармашылық арқылы өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік беріп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
