
Ғылыми жетістіктердің 30 жылдық шежіресі

11–12 мамыр күндері университетіміздің Ғылыми кітапханасында оқу ордамыздың 30 жылдық мерейтойына орай «Университет ғалымдарының еңбектері: 30 жылдық белес» атты ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Университетіміздің ғылыми әлеуетін, ғалымдарымыздың көпжылдық еңбектері мен зияткерлік жетістіктерін насихаттауға бағытталған бұл мәдени-танымдық шара аясында оқу ордасында жүзеге асқан ізденістер мен зерттеулердің нәтижелері көпшілік назарына ұсынылды.
Экспозиция барысында келушілер университет ғалымдарының әртүрлі бағыттар бойынша жарық көрген монографияларымен, оқу-әдістемелік құралдарымен, ғылыми мақалалар жинақтарымен және заманауи зерттеу жұмыстарымен танысуға мүмкіндік алды. Көрмеге қойылған еңбектер түрлі ғылым салаларын қамтып, университет ғылымының қалыптасуы мен даму тарихын айқын көрсетті.
Шара барысында кітапхана қызметкерлері көрмеге шолу жасап, университет ғылымының қалыптасу кезеңдері, ғылыми мектептердің дамуы мен ғалымдардың жетістіктері жөнінде кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, оқырмандар арасында университеттің 30 жылдық тарихына арналған сұрақ-жауап форматындағы танымдық ойын ұйымдастырылды. Қатысушылар оқу орнының тарихы, жетістіктері, маңызды белестері мен белгілі ғалымдары туралы сұрақтарға жауап беріп, белсенділік танытқан жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Көрме студенттер, оқытушылар, жас зерттеушілер мен кітапхана оқырмандары үшін ғылым мен білімнің өзара сабақтастығын айқындайтын тағылымды алаңға айналды. Сонымен қатар, шара университеттің ғылыми дәстүрлерін дәріптеп, жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын арттыруға және ғылыми ізденіске баулуға бағытталды.
«Университет ғалымдарының еңбектері: 30 жылдық белес» көрмесі университетіміздің ғылым саласындағы жетістіктерін айшықтап, білім мен ғылымға деген құрметтің жарқын көрінісіне айналған мазмұнды әрі тағылымды іс-шара ретінде есте қалды.
