
ЕҰУ делегациясы Стамбулдағы БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі халықаралық форумға қатысты

2026 жылғы 27–30 сәуір аралығында Түркияның Стамбул қаласында БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (SDGs) ілгерілетуге, халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға және жастардың жаһандық тұрақты даму күн тәртібіне қатысуын күшейтуге арналған халықаралық форум өтті.
Форум университеттер, халықаралық ұйымдар және жастар қауымдастықтарының өкілдерін біріктіріп, тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және білім беру мен әлеуметтік жауапкершілік салаларында бірлескен шешімдер іздеу алаңына айналды.
Іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің делегациясы қатысты. Делегация құрамында Әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Жамбыл Тілеп, Тұрақты даму орталығының бас маманы Бэлла Бокова, Маркетинг және түлектермен байланыс бөлімінің бас маманы Жадыра Аманжол, сондай-ақ университеттің белсенді студенттері мен студенттік өзін-өзі басқару органдарының өкілдері, оның ішінде Студенттік парламент, ЕҰУ Студенттер альянсы және академиялық «Старосталар кеңесінің» мүшелері.
Форум аясында ЕҰУ өкілдері панельдік сессиялар мен тақырыптық талқылауларға қатысып, БҰҰ ТДМ іске асыру, университеттер арасындағы әріптестікті дамыту, академиялық ынтымақтастықты кеңейту және студенттердің халықаралық жобаларға қатысуы мәселелерін қарастырды.
Кездесулер барысында шетелдік университеттермен және ұйымдармен әріптестікті дамыту, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру, академиялық ұтқырлықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Форум қорытындысы бойынша ЕҰУ делегациясы ұйымдастырушылар тарапынан Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге қосқан үлесі және белсенді қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталды.
Форумға қатысу университеттің халықаралық байланыстарын нығайтуға және жаһандық БҰҰ күн тәртібі аясында ынтымақтастықты кеңейтуге маңызды қадам болды.
