
ЕҰУ-да рухани құндылықтарды ұлықтайтын «Үш буын сәулеті» атты көрме ашылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Үш буын сәулеті» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының 90 жылдығына арналған бұл көшпелі көрме биылғы жылдың сәуір айында Алматы қаласында бастау алған болатын. Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағы ұйымдастырған көрмені бүгін Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабылдап алды. Іс-шараға белгілі сәулетшілер, қоғам және мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.
ЕҰУ-дың 30 жылдығы және ҚР Сәулетшілер одағының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған көшпелі көрме алдағы уақытта Қарағанды, Түркістан қаласында жалғаспақ.
Салтанатты жиында ұлттық руханиятты дәріптеу, мәдени мұраны насихаттау және жастар тәрбиесіндегі тарихи сабақтастық мәселелері кеңінен айтылды. Қатысушылар көрменің университеттің мәдени-рухани кеңістігін толықтыратын маңызды орынға айналғанын атап өтті.
Көрменің мақсаты – республикадағы сәулет пен қала құрылысының тарихын, оның даму кезеңдерін көрсету және ел тәуелсіздігі жылдарындағы жетістіктерді таныстыру.
Экспозиция үш бөлімнен тұрады және Қазақстан сәулет өнерінің даму тарихын сипаттайды. Көрмеде қазақ сәулет өнерінің негізін қалаушылардың еңбектерімен қатар, ұлттық сәулеттің дамуына елеулі үлес қосқан заманауи сәулетшілердің жобалары ұсынылған.
Салтанатты ашылу рәсімінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай мен ТМД Халықаралық Сәулетшілер Одағы қауымдастығының президенті, көрнекті сәулетші Серік Рүстембеков сөз сөйлеп, көшпелі көрменің ашылу лентасын қиды. Шара барысында қонақтарға арнайы мәдени бағдарлама ұсынылып, құттықтау лебіздер айтылды.
Университет проректоры Ардақ Бейсенбай өз сөзінде бұл бастаманың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
«Бүгінгі ашылып отырған көрме – ел руханиятына қосылған маңызды дүние. Университет тек білім ордасы ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, тарихи сананы қалыптастыратын орта болуы керек. Осындай игі жобалар жастардың рухани дүниесін байытып, өткен мен бүгіннің сабақтастығын терең түсінуге мүмкіндік береді. Еуразия ұлттық университеті, оның ішінде сәулет-құрылыс факультеті ҚР Сәулетшілер одағымен тығыз байланыста болып, бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайын», - деді проректор.
Шараға келген көрермендер де өз әсерлерімен бөлісті.
«Мұндай рухани әрі мәдени шаралардың жастар үшін маңызы өте зор деп ойлаймын. Бүгінгі ашылу рәсімі өте жоғары деңгейде өтті. Осындай көрмелер ұлттық құндылықтарды насихаттап, кейінгі буынға үлкен өнеге береді», - деді іс-шара қонақтарының бірі, ардагер журналист Марат Манасбаев.
Жиынға қатысқан ҚР Сәулетшілер одағының басшылары Еуразия ұлттық университетінің мерейлі 30 жылдығымен құттықтап, бұл бастаманың жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, ел руханиятының дамуына серпін беретінін жеткізді.
«Бұл – жай ғана көрме емес, ұлт руханиятын ұлықтайтын, жас ұрпаққа тағылым беретін маңызды кеңістік. Осындай бастамалар арқылы біз тарихи мұрамызды дәріптеп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлес қосамыз. Бүгінгі шараға зиялы қауым мен қоғам өкілдерінің көптеп қатысуы соның айқын дәлелі», - деді ТМД Халықаралық Сәулетшілер Одағы қауымдастығының президенті, көрнекті сәулетші Серік Рүстембеков.
Көрме аясында Қазақстанның жетекші сәулетшілерінің қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Онда Қазақстан сәулет өнерінің тарихы, қалыптасуы мен даму кезеңдері ғана емес, қазіргі құрылыс саласының өзекті мәселелері мен болашақ жобаларды жүзеге асыру тақырыптары да талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының жаңа мүшелеріне куәлік табысталды.
