
Ұлттық қауіпсіздік негізі — медиаэкология

Ұлттық қауіпсіздік негізі — медиаэкология
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғарғы мектебінің 1-курс докторанттары профессор Оңайгүл Тұржанның «Медиаиммунитет және медиаэкология» авторлық курсын сәтті аяқтап, емтихан тапсырды.
Бұл бірегей пән оқу бағдарламасына Оңайгүл Тұржанның тікелей бастамасымен енгізілген. Курстың басты мақсаты — цифрлы технологиялар заманында «цифрлы аборигендер» (жас ұрпақ) мен «цифрлы эмигранттардың» арасындағы сабақтастықты нығайту және ақпараттық шабуылдарға қарсы тұра алатын ұлттық иммунитетті қалыптастыру.
«Бұл — түлкілі де қасқырлы ақпараттардың ортасында қақпанға түспейтін, тістіге алдырмайтын ұрпақ тәрбиелеу методологиясы. Отаншылдық пен адами иммунитетті тау тасындай берік етудің базалық, ғылыми-практикалық бағыты», – деп атап өтті профессор О. Тұржан пәннің маңыздылығы туралы.
Ғалымның айтуынша, медиаэкология тек журналистиканың мәселесі емес, бұл мемлекеттің ішкі қауіпсіздігінің негізі. Емтихан барысында докторанттар ақпараттық кеңістіктегі манипуляциядан қорғану және ұлттық менталитетті сақтау төңірегіндегі өздерінің ғылыми зерттеулерін сәтті қорғап шықты.
Болашақ ғалымдарымыздың ғылыми жолына сәттілік тілейміз!
