
ЕҰУ «30 Minds of ENU» кітабын таныстырып, үздік ғалымдарды марапаттады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында ғылымды дамытуға, жас зерттеушілерді қолдауға және университет ғалымдарының жетістіктерін насихаттауға арналған бірқатар маңызды іс-шаралар өтті.
ЕҰУ-дың бас ғимаратындағы «Күлтегін» атриумында университеттің 30 жетекші ғалымының ғылыми жетістіктеріне арналған «30 Minds of ENU» (book launch) кітабы I томының салтанатты тұсаукесері өтті.
Іс-шараға профессор-зерттеушілер, ғалымдар, жас зерттеушілер, академиялық қауымдастық өкілдері мен университет серіктестері қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген Басқарма мүшесі – Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректордың м.а. Абзал Ахатович Талтенов ЕҰУ ғылымының дамуы мен университеттің халықаралық беделін нығайтудағы оқытушы-зерттеушілер мен зерттеушілердің маңызды рөлін атап өтті.
Бағдарлама аясында «30 Minds of ENU» кітабының ресми таныстырылымы өтіп, Жасанды зерде ғылыми-зерттеу институтының зерттеушісі Нұрзада Амангелді:
«Ғылым – тек күрделі есептерді шешу ғана емес, адамдар өмірін жақсартып, қоғамдағы өзгерістерге ықпал ету» тақырыбында баяндама жасады.
Іс-шара барысында Scopus және Web of Science базаларындағы жоғары рейтингті халықаралық журналдарда жарияланымдары бар, ірі ғылыми және халықаралық жобаларды жүзеге асырып жүрген, сондай-ақ ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға үлес қосып жүрген ғалымдардың жетістіктеріне ерекше назар аударылды.
Ғылыми күннің жалғасы ретінде докторантура түлектеріне диплом табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. ЕҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Ерлан Батташұлы Сыдықов PhD докторларына дипломдарды салтанатты түрде табыстап, жас ғалымдарды диссертацияларын сәтті қорғауларымен құттықтады және олардың ғылыми зерттеулерінің қоғам мен ел дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
Биыл PhD докторы дәрежесін әртүрлі ғылыми бағыттағы түлектер иеленді. Жас ғалымдар университет басшылығына, оқытушылар мен ғылыми жетекшілеріне ғылым жолындағы қолдауы мен кәсіби бағыт-бағдары үшін алғыстарын білдірді.
Іс-шаралар университет пен отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды марапаттау рәсімімен қорытындыланды.
Ғалымдарымыз бен жас зерттеушілерімізді құттықтай отырып, оларға жаңа ғылыми жаңалықтар, халықаралық жетістіктер және зерттеу жобаларын табысты жүзеге асыруды тілейміз!
