
ЕҰУ-дың 30 жылдығына орай Білім жоғары мектебінде “ECO WATER ZONE” жобасы ашылды

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойы аясында Білім жоғары мектебінің бастамасымен №4 Оқу ғимаратында “ECO WATER ZONE” таза ауыз су аймағының салтанатты ашылуы өтті.
Аталған жоба — университет түлегімен бірлесіп жүзеге асқан маңызды экологиялық бастама. Жобаның негізгі мақсаты — студенттер мен қызметкерлерді сапалы фильтрленген ауыз сумен қамтамасыз ету, пластик бөтелкелерді пайдалануды азайту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Салтанатты шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен қонақтар қатысты. Іс-шара барысында Стратегиялық даму және интернационализация жөніндегі проректор Айтмағамбетов Думан Рамазанұлы және Білім жоғары мектебінің директоры Сомжүрек Баубек Жұмашұлы құттықтау сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығына тоқталды. Спикерлер өз сөздерінде жастар арасында экологиялық жауапкершілік пен саналы тұтыну мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті.
“ECO WATER ZONE” — университеттің тұрақты даму қағидаттарын қолдайтын, қоршаған ортаға жанашырлықты насихаттайтын және қолжетімді таза ауыз су мәдениетін дамытуға бағытталған жоба.
