
ЕҰУ мен British Council Kazakhstan халықаралық білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

British Council ұйымы мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында Филология факультеті Шетел тілдері кафедрасының бастамасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Аталған меморандум халықаралық академиялық байланысты нығайтуға, білім беру саласындағы тәжірибе алмасуды кеңейтуге, студенттердің кәсіби және тілдік құзыреттілігін арттыруға, сондай-ақ университеттің әлемдік білім беру кеңістігімен ықпалдасуына жол ашатын маңызды қадам болып табылады.
Алдағы уақытта тараптар бірлескен жазғы және қысқы мектептер ұйымдастыру, Қазақстан және Англия университеттері арасында тәжірибе алмасу бағдарламаларын дамыту, тіл оқытудағы заманауи әдістемелер мен инновациялық технологияларды енгізу, сондай-ақ IELTS халықаралық емтиханы бойынша тренингтер мен бірлескен курстар өткізу бағыттарында ынтымақтастықты жалғастыруды жоспарлап отыр.
Меморандумға ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай және British Council Kazakhstan ұйымының Қазақстандағы директоры Роберт Тэйлор қол қойды. Іс-шараға сондай-ақ Орталық Азия бойынша емтихандар бөлімінің басшысы Анна Цой және емтихандарды ұйымдастыру жөніндегі менеджер Гүлім Қабдолда қатысты. Қонақтар университеттің 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға шақырылды.
Кездесуге Филология факультетінің деканы С.Дүйсенғазы, Шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі П.Балхимбекова, сондай-ақ аға оқытушылар Б.Смагулова мен А.Садыкова қатысты.
Кездесу соңында қонақтар Жазу тарихы музейін аралап, Күлтегін жазбалары және түркі жазба мұрасының маңыздылығы жөнінде құнды мәліметтер тыңдады.
