
Физикалық және экономикалық география кафедрасының студенттері «SG Brick» кірпіш зауытына өндірістік экскурсия жасады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасының студенттері толық циклді «SG Brick» кірпіш зауытына өндірістік экскурсия жасады.
Экскурсия барысында білім алушылар шикізатты өндіруден бастап дайын өнім алуға дейінгі кірпіш өндірісінің барлық кезеңдерімен танысты. Студенттерге сазды өңдеу, тазарту және өндірістік үдеріске дайындау жұмыстары көрсетілді.
Сонымен қатар қатысушылар дайындалған шикізаттан кірпішті қалыптау, кептіру және арнайы пештерде күйдіру кезеңдерін бақылады. Зауыт мамандары сапалы әрі берік кірпіш өндіруде температуралық режим мен технологиялық талаптарды сақтаудың маңыздылығын түсіндірді.
Экскурсия аясында студенттер өндірісте пайдаланылатын табиғи ресурстардың ерекшеліктерімен, шикізат базасының географиялық орналасуымен және өндірістік нысандарды орналастыру факторларымен танысты. Бұл білім алушылардың өндірістік география, табиғи ресурстар географиясы және экономикалық география бағыттары бойынша теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Экскурсия соңында студенттер дайын өнімдермен және оларды сақтау ерекшеліктерімен танысты. Өндірістік экскурсия білім алушыларға өндірістің толық циклін, кәсіпорын жұмысының ерекшеліктерін және құрылыс индустриясындағы заманауи технологиялардың маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
